Байқасаңыз, дүкен сөрелерінде экзотикалық жемістер күн санап көбейіп келеді. Авокадо, рамбутан, питахайя, памело, манго, шайн мускат… Иә, бұл тізімді тізе берсе қос параққа сыймас. Бұрын мерекелік дастарханға алма мен мандаринді ғана қойып, басқа жемістерге аса назар аудармайтынбыз. Олар бейтаныс, ағзаға үйреншікті емес, сатып алуға жүрексінетіндей көрінетін.
Дегенмен, бүгінде түрі ерекше, көзге үйренбеген экзотикалық жемістерді татып көру әдетке айналып келеді. Әсіресе, Жаңа жыл қарсаңында дастарханға күнделікті жемістерден бөлек ерекше, өзгеше дәмді тәттілер қою – трендке айналды.
Мәселен, лонган – сыртқы қабығы оңай аршылатын, жүзімге ұқсас жеміс. Оның мәйегі мөлдір әрі шырынды. Қытай асханасында бұл жеміс сорпаға, десертке және қышқыл тағамдарға қосылады екен. Ал сырты тікенекті рамбутан өзінің ерекше пішінімен көзге түседі. Оның дәмі нәзік әрі балғын, бір рет татып көрсеңіз, ұмыта алмайсыз.
«Айдаһар көзі» деп аталып кеткен питахайя тек ерекше көрінісімен ғана емес, пайдалы қасиеттерімен де танымал. Ол қандағы қант пен глюкоза мөлшерін төмендетуге көмектеседі. Ал маракуйяның жұпар иісі мен тәтті қышқыл дәмі жүйкені тыныштандырып, жақсы ұйқыға ықпал етеді.
Соңғы уақытта танымалдылыққа ие болған «Шайн мускат» жүзімі – сәл қытырлақ құрылымымен және балдай тәтті дәмімен ерекшеленеді. Жапондық жүзімнің кәдімгі жүзімнен айырмашылығы көлемі үлкен және тұқымы жоқ. Әдетте, оны мерекеге немесе сыйлық ретінде сатып алады, бағасы қымбат болғандықтан күнделікті тұтыну үшін барлық адамға бірдей қолжетімді емес.
Қордай тұрғындары арасында экзотикалық жемістерге сұраныс қандай? Бағалары қаншалықты қолжетімді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз аудан орталығындағы жеміс-жидек дүкендерінің біріне барып, сатушымен сұхбат құрдық.
– Біздің дүкенде маракуйя, питахайя, грейпфрут, помело, ананас, киви сынды экзотикалық жемістер бар. Аудан тұрғындарының помело жемісіне сұранысы жоғары. Ал қалғандарын әсіресе, мереке алдында жиі сатып алады. Бағалары әртүрлі, мысалы, питахайяның бір данасы 750-800 тг, маракуйя 500 тг, грейпфрут 300 теңге, помелоның бір данасы 900-1000 теңге шамасында, ананас 1000-1200 теңге тұрады. Ерекше дәмі мен пайдасын білетіндер бұл жемістерді алудан бас тартпайды»,-дейді сатушы Гүлзат Саскараева.
Тек тропикалық елдерде өсетін бұл жемістердің бағасы жергілікті алма мен мандаринмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болғанымен, олардың әдемі көрінісі мен ерекше дәмі мерекелік дастарқанды көріктендіріп қана қоймай, денсаулыққа пайдасын тигізеді. Экзотикалық жемістерді татып көру – тек қызық емес, сондай-ақ ағзаға жаңа дәрумендер сыйлаудың жақсы мүмкіндігі.
Ал сіздің мерекелік дастарханыңызда қандай жемістер болады?
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ