ЕЛ ӨМІРІНДЕГІ МАҢЫЗДЫ НАУҚАН

0

Дүйсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен кезекті кеңес отырысы өтіп, онда алдағы республикалық референдумға дайындық мәселесі қаралды.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай аудандағы дайындық жұмыстарының барысын аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай баяндап, жұмыс жоспары құрылғанын, іс-шаралар кестеге сай жүргізіліп жатқанын алға тартты.
«Арнайы дайындалған желілік кестеге сай белгіленген жұмыс өз мерзімінде атқарылуда. Осы тұста аудандық штаб мүшелерінің белсенді ұстанымын атап өткен жөн. Қазіргі таңда ел арасында референдумды қолдауға бағытталған түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, аудандық басылымда аудандық сайлау комиссияларының құрамдары, сайлау учаскелерінің шекаралары жарияланып, 19 ауылдық округте үгіт материалдарын орналастыру үшін 44 арнайы қалқандар орнатылған. Барлық материалдар әлеуметтік желілерде жариялануда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», — деді Дамира Сүгірбай.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Сырлыбаевтың айтуынша, ауданда 54 сайлау учаскесі тіркеліп, аудан бойынша 5 маусым күні 82 мыңнан астам адам дауыс береді деген болжам бар.
Осы орайда аудан басшысы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берді.
«Барлық сайлау учаскелерінің дайындығы тексерілсін. Жұмысты жандандыру қажет», — деді Мәден Тоқтарбайұлы.
Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.