Жасыратыны жоқ, өткен жылдың қиындығы аз болмады. Бүкіл әлемді қатерлі індет дүрліктірді. Карантиндік шектеулерден туындаған экономикалық кедергілерді былай қойып, қаншама адам шығыны да орын алды. Пандемия жағдайында тұтас жылдың қалай соңына шыққанын байқамай да қалғандаймыз.
Дегенмен, жақсылықты алдан күтетін әдетімізбен, табалдырықтан аттаған Жаңа жылға үлкен үмітпен қараймыз. Барлық қиындықтар артта қалып, Жаңа жыл жақсылығымен келсе дейміз. Жылдың беташарындағы маңызды саяси оқиға – 10 қаңтарда болатын ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы әр қазақстандықтың өміріне жарқын өзгерістер сыйлап, елімізге тың серпін беретін меженің бастауы болса деп үлкен үміт артамыз. Бұл үшін тиісінше қарекет етуіміз керек. Мұны Президент те атап көрсетті. «Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның алдында дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қабылдау, орнықты экономикалық дамуды және азаматтарымыздың әлеуметтік игілігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр», — деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуінде. Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуды қамтамасыз ететін жаңалықтарға, тиімді тетіктерге жол ашып бермек. Бұл жолы «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістер бойынша партиялар ұсынатын кандидаттардың кем дегенде 30 пайызы әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар болуы тиіс. Осының өзі Парламент пен мәслихаттарда озық ойлы, жігерлі жас толқынның үлесі артады деген сөз.
Әрине, сайлау болады дегеннен бастап, әдеттегіше, түрлі алыпқашпа әңгімелер де желдей есті. Билікке сын айтқан, сайлаудың әділдігіне сенімсіздік білдірген кертартпа пікірлер оппозициялық басылымдар мен әлеуметтік желілерде өріп жүр. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп бұра тартқан қисық сөздерге құлақ аспай, өмірдің шындығына ашық көзбен қарайықшы. Пандемия адымымызды аштырмады деген биылғы жылдың өзінде біздің ауданымызды жеке дамытуға мемлекет қазынасынан 35 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Аудан тарихында мұндай бұрын-соңды болмаған. Биыл бірден 22 елді мекенді газдандыруға 11 миллиардқа жуық, алты ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 2,7 миллиард теңге бөлінген, оншақты ауылдың көшелері асфальтталып, жүздеген шақырым жолдар жөнделді. Жаңа мектептер бой көтеріп, спорт кешендері салынып, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Бұл айтылғандар ертегі емес, көшеге шығып кез-келген ауылға барсаңыз алдыңыздан шығатын көріністер, халқымыздың, яғни, сіз бен біздің игілігіміз үшін жасалып жатқан жарқын істердің бір парасы ғана. Бір ғана біздің ауданда емес, бүкіл елімізде солай. Міне, мұның барлығы мемлекетіміздің бүгінгі жеткен биігін, экономикалық әлеуетін танытады.
Алдағы күндеріміз де осындай жақсы үрдіспен жалғасын тауып, баршаға лайықты өмір сыйлауын қалаймыз. Бұл үшін бізге тұрақтылық, тыныштық керек. Айналаға зер салсақ, өз ішінен бүлініп қырықпышақ болып қырқысып жатқан елдерді де көреміз. Ондай алты бақан алауыздық алға басқан аяғын кері кетіріп, елдің дамуын тежейді, берекесін тайдырады. Бізге сол керек пе? Әрине жоқ! Оның үстіне сырттан жерімізге көз алартып, шекарамызға, тарихымызға күмән келтіріп жатқандар да бой көрсетіп қалуда. Мұндай кезде ата-бабамыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап ұрпағына аманаттаған ұланғайыр жерімізде тарыдай шашырап отырған ат төбеліндей ғана бізге «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған ұйымшылдық керек. Ұрпағымыздың қауіп-қатерсіз болашағы, елдегі тұрақтылықтың сақталуы үшін аса қажет. Алдағы сайлаудағы белсенділігіміз сондай ұйымшылдығымыздың, ел бірлігінің бір көрінісі болсын. Сайлауға түсіп жатқан партиялардың қай қайсысы да халқымыздың өмірін жақсартуға деген өз бағдарламаларын алға тартып отыр. Кімге дауыс беруді патша көңіліңіз білсін. Тек, «менсіз де сайлау өтеді» деп қалыс қалмай, дауыс беруге түгел қатысайық.