Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты референдум өткізу туралы Президенттің ұсынысы өте дәйекті екені даусыз. Себебі мұның барлығы қоғам тарапынан болған сұраныстың нәтижесінде қолға алынып жатқан жұмыстар екені рас.
Мемлекет басшысының саяси реформадағы ең маңызды бағыттар ретінде билік тармақтары арасындағы теңгерімді өзгерту, Парламенттің өкілеттігін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқару, әсіресе мәслихаттардың рөлін арттыру, сайлау жүйесіндегі пропорционалды-мажоритарлық жүйені енгізу арқылы халықтың әр санаттағы, әртүрлі пікірдегі, әртүрлі саяси көзқарастағы өкілдерін мемлекеттік мәселелерге кеңінен тартуды көздегені көңілге қонымды.
Енді міне, «жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық» деген норманы Конституцияға кіргізіп, халық игілігі үшін жер мәселесін Ата Заңмен бекітіп жатыр. Мұның бәрі Мемлекет басшысының маңызды мәселелерге жүйелі бағытты ұстанып келе жатқанының бір дәлелі. Жер – ата-бабадан келе жатқан мұра. Біз де өз кезегімізде жерді, жер қойнаулары мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланып, келер ұрпаққа аманат етуіміз керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі». Бұл Жаңа әрі Әділетті Қазақстанның басты ұстанымына айналуға тиіс.
Саяси қадам ішінде қолдауға тұратын өзгерістің бірі – Президенттің саяси бейтараптылығының заң жүзінде бекітілуі. Егер Мемлекет басшысы ешбір саяси партияның мүшесі болмаса демократиялық қоғамда көп партия жүйесі дамиды. Өз кезінде бұл сайлау жүйесін өзгертуге ықпал етеді. Әр адам өз болашағын айқындайды, көзқарасын білдіреді. Нәтижесінде, сайлауға көпшілік белсенді қатысып, сайлау адал өтеді. Осындай функциялар арқылы халық пен биліктің арасы жақындай түседі. Заман талабына сай қолға алынған реформа саяси жүйенің түлеп, қуаттана түсуіне жол ашады. Жалпы, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артады.
Біз бұл мәселеде бір дүниені анық айтуымыз керек. Алдағы уақытта Жаңа Қазақстанның жаңа ережелері бекітіледі. Мұның барлығы Ата Заңымыздан басталады. Нәтижесінде, Конституцияның 30-дан аса бабына өзгеріс енгізу арқылы алдағы уақытта 20-дан астам заң жаңаша редакцияланатын болады. Сол арқылы еліміздегі саяси жүйе мен саяси басқарудың қайта құрылуы жүзеге асады. Сондықтан да Президенттің 5 маусымға белгілеген референдумы біздің Жаңа Қазақстанның адам құқықтарын қорғайтын, сайлау құқықтары кеңейтілген алғышарттар негізінде іске асады.
Егер референдумда дауыс берушілер аталған өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз.
Сондықтан баршаңызды 5 маусым күні дауыс беруге шақырамын!
Б.ҚАРАМОЛДАЕВА,
аудандық қоғамдық кеңес төрайымы, Қордай ауданының Құрметті азаматы