ЕЛІМІЗДЕ ДЕРБЕС КАССАЦИЯЛЫҚ СОТТАР ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

0

аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қордай аудандық сотының төрағасы Ерлан Ілиясовтың жетекшілігімен «Кассациялық сот — Халық құқығын қорғайтын сот» тақырыбында жиын өткізілді.

Маңызды шараға аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау саласының өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, округ әкімдері қатысты. Кассациялық сот – төмен тұрған соттардың шешімдеріне шағымдарды арнайы тәртіппен қарайтын Жоғарғы сот сатысы. Кассациялық соттардың негізгі міндеті — сот актілерін қабылдау кезінде заңдардың дұрыс қолданылуы мен түсіндірулерінің сақталуын қамтамасыз етуі болып табылады. Шара барысында аудандық сот төрағасы тақырып аясында бірқатар мәліметтер келтірді.

«Бүгінге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды ренішін туындатқан еді. Бірыңғай кассациялық тәртіп заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарап, 6 ай мерзім ішінде, мәні бойынша үш судья құрамында қарауды қамтитын болады. Сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізілмек. Дербес кассациялық соттардың құрылуына байланысты Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты сот практикасын және сот төрелігін жүзеге асыруда, заңдылықты сақтау мәселелерін зерделеу әрі қорыту болмақ. Касссациялық сот алқасы бұған дейін өзінің қарауына жатқызылған сот істері мен материалдарын қараумен шектелген еді. Соның салдарынан қылмыстық және азаматтық істердің 5-пайызы ғана кассацияға жолданатын. Тәжірибеге енгелі отырған кассациялық сот істер мен материалдарды касссациялық сатыдағы сот ретінде қарап, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелері мен заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады», — деді Ерлан Құрманғалиұлы.

Елімізде дербес кассациялық соттардың құрылуы – бұл сот жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Бұл реформалар Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, сот әділдігін қамтамасыз ете отырып, сот төрелігі жүйесінде шешуші рөл атқаруымен құнды болып отыр. Алдағы уақытта бұл өзгерістердің қоғамға тигізетін әсері зор болатынына сеніміміз мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.