ЕЛУ БІР ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШ

0

1970 жылдың тамылжыған мамыр айында Қаракемер орта мектебін (ол кезде Чапаев атындағы) бітіргендер туған ауылының төрінде қайтадан қауышты. Бұл кездесу өткен жылы өтуі тиіс еді, дүниені жайлаған пандемияға байланысты бір жылға шегерілген болатын. Жиырмасыншы ғасырды орталай — сонау 1960 жылы мектеп табалдырығын имене аттаған бүлдіршіндер енді жасамыс шағында сағынышпен бас қосып отыр. Бір сыныпта тай-құлындай тебісіп өсіп, онжылдықты қатар бітіргеннен кейінгі өмір ағысы әрқайсысын әр қиырға шашыратып жіберген болса, араға жарты ғасырды салып алпыс сегіз жасты алқымдап, селдір тартқан шаштары тегіс ағарып, ақсақалдықтың ауылына ат басын тірей бастапты.

 

Өздері егде тартса да, көңілдері бәз баяғыдай. Бір-бірінің жүзінен бұрынғы балдәурен балалықтың табын іздеп, сондағы қызықтарды сағына еске алып, әзілдесіп, мәре-сәре қуанышқа кенелді. Ал, бәріне әмірші уақыттың өз заңы бар, ұстаздарының да көбі өмірден өтіпті. Сондықтан, жөні де солай, өздері оқыған ескі мектептің орнында бой көтерген мешітте бас қосып, бақилық болған мұғалімдері мен сыныптас құрбыларының рухына Құран бағыштап, ауылдастарына құдайы тамақ таратты. Алғашқы ұстаздары Нұршида Хамитова, Бейсе Райқұловтан бастап, он жыл бойы білім нәрімен сусындатқан Орынбай Төстікбаев, Шақарман Аманбаева, Жәділ Төкенов, Еламан Нұрпейісов, Исабек Әдікеев, Рысжан Тоқабаева, Бақыт Орынбаев, Анаркүл Ділдебаева, Күлзай Мырзахметова, Жанғазы Кәкебеков, Гүлсара Қорабаева және басқаларының мейірбан жүздерін елестетіп, тіпті, кейде орынсыз тентектіктері үшін қабағының қиығымен қалыпқа түсіре қоятын қаталдығын да сағынғандай. Ал, «а» сыныбынан Нәкен Күшікбаева, Тамара Естемесова, Жолдасбек Молдабеков, Мұқтар Жаңғұлов, Тұрсынбек Ыбырайымов, «б» сыныбынан Бақыт Андасов, Сәбит Адеев, Шынар Әбдірахманова, Тоқан Добаева, Алмагүл Қапарбаева, Күлбүбі Түнғатарова, Ешмұхамбет Отаршиев бұл күнге жете алмады, олардың орнына жұбайлары, туыстары келді.

1968 жылы Қаракемерде екі қабатты жаңа мектеп ғимараты салынып, білім ордасы сегіз жылдықтан орта мектепке айналды да, оның ең алғашқы түлектері болды бұлар. Өздері тоғызыншы, оныншыда екі жыл бойы оқыған сынып бөлмелеріне кіріп, кезінде мектеп директоры болған, математикадан дәріс берген ұстазы, бүгінде жасы сексеннен асқан Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбайды ортаға алып балалық шаққа саяхат жасау қуанышына бөленді. Жетістіктер де айтылды, тіпті, кейбір тентектік қылықтарының өзі де сағыныш. Сабақтан қашып мұғалімнен сөз естігендері де, ұстаздарға білдірмей «вешір» жасағандары да, алғашқы махаббаттарын қызғанып қыздарға жарыса хат жазғаны да жадыларынан суыртпақтап шығып жатты, айтылып жатты.

Құрметті қонақтарды мектептің директоры Гүлмира Самақова мен оқу ісінің меңгерушісі Болат Төреев қарсы алып, барлығын аралатып көрсетті, мектеп тарихынан да баяндап берді. Мектеп бұдан елу жыл бұрынғыдан көп өзгерген, қасынан қосымша ғимараты салыныпты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы мектепке Панфилов дивизиясының атақты мергені, бір өзі үш жүзге тарта фашистің көзін жойған жерлесіміз Әбіл Нүсіпбаевтың есімі берілген. 2018 жылы мамыр айында Қаракемер орта мектебінің 50 жылдығына арналып мектеп түлектерінің «Мектепке тағзым» алғашқы форум-кездесуі өтіпті. Оған мыңжылдықтың жеті есебінің бірін шешкен атақты жерлесіміз ҚР ҰҒА академигі Мұхтарбай Өтелбаев бастаған көптеген танымал түлектер қатысқан. Мектептің іші-сырты көз тартады, айнала мұнтаздай тазалық, оқу кабинеттері жабдықталған. Академик Мұхтарбай Өтелбаев атындағы математика кабинеті жабдықталып жатыр екен. Осындағы интеративтік тақта арқылы мектеп өмірінен слайд көрсетілді. Бұл мектептен кезінде небір атақтылар білім алған. Мұхтарбай ағамыздан бөлек, Қазақстанның халық әртісі, тұңғыш балетмейстер Дәурен Әбіров, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Матан Мұраталиев пен Асқарбек Сейілхан, қатерлі ісік дертінің шипасын табу жолындағы ізденіспен өмірін сарп еткен дәрігер Ғабит Үмбеталиев, жазушы Әшірбек Көпішев, ғылым докторы Сәрсенбай Қойшыбаев тәрізді әрбір қаракемерлік мақтан тұтар елдік тұлғалардың балалық іздері қалған. Тіпті, кейінгі буындардың арасынан да көптеген ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, айтулы кәсіпкерлер шығыпты. Атап айтқанда, философия ғылымдарының докторы Айнұр Құрманалиева, Қарағанды мемлекеттік университетінің Инновациялық технологиялар факультетінің деканы Гүлфарида Самашева, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі Жұлдыз Мұқашева, Биологиялық  қауіпсіздік проблемаларын зерттеу институтының лаборатория меңгерушісі Ербол Болатов, ҚазҰМУ-дің доценті Айнұр Мадиярова тәрізді биікке көтерілгендер көбейіпті.

Жарты ғасырды артқа салып мектепте қайта кездесіп отырған бүгінгі қонақтар да осынау өмір белесіне өзіндік табыстарымен келіп отыр. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, туған ауылында еңбек көрігін қыздырған Жанысбек Мүлкеманов 2015 жылы «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атанды. Қырық жылға жуық педагогикалық өтілі бар Рыскүл Бексариева Таразда он жыл, Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау орта мектебінде ширек ғасыр бастауыш сыныптың мұғалімі болып тер төккен. Шынаркүл Соғанбаева ұзақ жылдар Қаракемер ауылдық кітапханасының меңгерушісі болды. Отставкадағы полиция капитаны Ержан Байжігітов Тоқпақ қаласында, Қордайда, Жаңатаста қызмет еткен. Ал, 1976 жылдан бастап біздің «Қордай шамшырағында» қызмет еткен, 2004-2007  жылдар аралығында редакторы болған Құрманбек Әлімжан облыстық «Ақ жол» газеті редакторының орынбасарлығынан зейнетке шыққан болатын. Айтпақшы, ардагер журналист сыныптастарымен мектепке жаңа жарық көрген «Қазыналы Қордай» кітабын, осы кездесуге арнайы дайындаған естелік альбомын тарту етті. Сондай-ақ, Оразбай Шарғынов 1974-1989 жылдары Красногор аудандық «Союзпечать» мекемесін басқарса, дәрігерлік жолды таңдаған Жәнет Ағыбаева, Света Иманбаева, Қарақат Семжанова, темір тұлпарды тізгіндеген Омарбек Сейілханов, Жамбыл Кенебаев, дала төсін мыңғырған, малға толтырған Жангелді Әміртаев, Бейсекүл Теміржанова, Дүйсебай Данаев, әрқайсысы әр салада тер төккен Болатжан Иманбаев, Сырайыл Сабаншиев, Әлия Хамитова, Зухра Бектемісова, Жанаркүл Есімбекова, Күлсағира Шоқаева еліміздің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты. Кездесуге белгілі себептермен келе алмай қалған Оспан Азаматов, Зәбира Қыдырбекова, Бағдат Рақымжанова, Сақан Жасыбаева, Дүйсенбай Күшікбаев, Мұқтар Сейдеқожаев, Әлен Тыныбаева, Зәуреш Жайықбаева, Шынаркүл Тұрлымбетовалар «ватцап» желісі арқылы дұғай-дұғай сәлемін жолдап жатты.

Алматыдан Рыскүлдің оқушы кездегі суреттерден жасаған слайдын тамашалап отырып та мектептегі оқиғалар фильм кадрларындай көз алдыңнан өтуде. Октябрь, пионер, комсомолдық жылдар… Қыздар ақ бантигі мен ақ фартугі жарасып, ұлдар қиғаштап тарап шаш қойған өрімдей балғын жастар еді-ау. Арадағы елу жылда бәрі сағыныш атты сағымға айналған. Енді бүгін немерелі, шөберелі болып жатқан ата-әжелер бола тұра, бір сәт балалық шаққа оралудың баға жетпес қуанышын осылай бастан өткерді. Тойхана дастарханында да талай қызықтар еске алынып, жастық шақтағы әндерді қосыла шырқап, би билеп, түннің бір уағына дейін сыр ақтарысты. Ертеңіне жұптарын жазбастан қасиетті Әулие шоқы баурайындағы туған жер табиғатын тамашалап қайтты. Алла жазса, алдағы уақытта тағы да осылай бас қоспаққа уағдаласып, бір-бірімен қимай қоштасты.

 

Әлібек Оспанов,

Айбек Нәкен (фото)

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.