«БАЛАУСА» достарын шақырады

0

Әні-міне дегенше бала біткеннің базарына айналған жаз мезгілі де келіп жетті. Енді үш ай демалыс уақытын пайдалы өткізу үшін аудан балақайларына «Балауса» сауықтыру лагері жұмыс істейтін болады. Биыл бұл сауықтыру орнына ауқымды қаражат бөлініп, бір лекте 300 баланы қамтуды жоспарлап отыр. Тек қазіргі жағдайға байланысты өзіндік шарттары бар.

 Лагерь десе қай бала болмасын елең етіп тұрары анық. Өткен жылы карантин шараларына байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Биыл лагердің жұмыс істеуі басты жаңалық болып отыр. Алайда, барлығы мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша жұмыс жасайды. Атап айтсақ, әдеттегідей баланың денсаулығы туралы құжат қажет. Сондай-ақ, инфекциялармен, оның ішінде Covid-19 жұқтырғандармен байланыста болмағаны туралы анықтама керек. Лагерге келгенге дейін 72 сағат ішінде жасалған ПТР тестілеудің теріс қорытындысы туралы құжат сауықтыру орнындағы қызметкерлерден талап етілетін болады. Сонымен қатар, әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың ПТР тестілеуі жергілікті бюджет есебінен жүргізілмек. Бұл балалар үшін айтарлықтай көмек. Сондай-ақ, лагерге келушінің ата-анасының арнайы өтініші де қажет болады.

«Біз бірінші кезекте балалардың денсаулығын ойлаймыз. ПТР тестілеуді бір мекемеден бір уақытта алуды жоспарлап отырмыз», — дейді аудандық білім бөлімінің мамандары. Бүгінгі таңда тестілеу ақысы әр адамға 7500 теңгеден айналатынын жұртшылық жақсы біледі. Бұл жұмыстар бойынша ауданда бірнеше мекеме жұмыс жасайды. Анықтай келе  «Олимп» медицина орталығы ғана балақайларға жағдай қарастырған екен. Яғни жоғарыда аталған соманың жартысы ғана төленеді . Биылғы сауықтыру лагеріне өтініш білдірушілер өте көп. Оларды аудандағы «Балауса» сауықтыру лагері маусым айының ортасында қабылдауды жоспарлап отыр.  Бүгінде аталмыш мекеме 300 балаға арналған. Онда  50 орындық, 6 ғимарат, медициналық кабинет, күніне бес рет тамақтанатын асхана, монша,  бассейн, душ кабиналары, киім ауыстыратын бөлме, шағын футбол алаңы, ойын алаңдары, тренажерлер және волейбол мен баскетбол алаңдары мен 4 теннис үстелі бар. Арнайы барып сауықтыру орнын көзбен көріп, мекеме басшысымен де тілдескен болатынбыз.

-Біз әр баланың мүмкіндігі мен ерекшелігіне қарай олардың дамуына жұмыс жасаймыз. Біздің лагерде болған бала осы жерден көп нарсені үйреніп, жаңа достар тауып, үлкен қуанышпен қайтуына барынша қызмет жасаймыз, — дейді мекеме басшысы Р.Агибаева. Сондай-ақ, биылғы жылы аталмыш орталық 4 сауықтыру легін өткізуді жоспарлаған. Әр лек 12 күннен. Маусымның 15-нен басталып  тамыз айында аяқталмақ. Мұнда тек білікті мамандар арнайы жасақталған. Барлығы дерлік балалармен жұмыс жасауда тәжірибесі мол педагогтар.

-Әдеттегідей мұнда балалар демалысы таңғы жаттығумен басталады. Арнайы үйірмелер ұйымдастырылып, қызықты жобаларды қолға алып, олардың демалысын өздері қалағанындай етуге дайындық үстіндеміз, — дейді Р.Агибаева.

Араға жыл салып қайта жұмысын жандандыра түскен «Балауса» сауықтыру лагеріне сәттілік, ал, балақайларға қуанышқа толы демалыс тілейміз.

Мадияр Қарабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.