«ЕРБОЛАТТЫҢ» ЕГІС АЛҚАБЫ

0

Қарасай ауылдық округі – ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыған әкімшілік аумақ. Мұнда ерте көктемнен бастау алған дала жұмыстары күн суып, қар түскенге дейін жалғасады. Қазіргі таңда жерден нәсібін жиған диқандар алқаптардан өнімдерін жинап, жайқалған алма бақтарындағы жұмыс та қыза түскен.

Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылына жетер жолдың оң жақ қапталындағы жайқалған егістікті байқамау мүмкін емес. Бұл жер шілденің шіліңгір ыстығының өзінде сары түске бөленген айналадан құдды бір шөл даладағы оазистей ерекшеленіп, алыстан көгеріп тұрады. Кейінірек білгеніміздей, бұл жайқалған егістік осы өңірдің тумасы Марат Жетігенов басқаратын «Ерболат» шаруа қожалығына тиесілі екен. Шаруашылықтан хабары бар әрбір адам мұндай нәтижеге маңдай тер мен мол тәжірибенің арқасында қол жеткізуге болатынын бірден біледі.

Округте сонау 1995 жылы құрылған агроқұрылым күні бүгінге дейін жемісті еңбек етіп келеді. Марат Жетігеновті жергілікті жұртшылық тек ауыл азаматы емес, өз ісін сүйетін кәсіпкер, ізденімпаз бағбан ретінде де жақсы біледі. Келмеске кеткен кеңес заманындағы бақтардың бір бөлігін сақтап қалып, ондағы ағаштарға күтім жасап, жемісінен пайда көрген шаруа диқаншылықтың қыр-сырын да жетік меңгерген.

Шаруа қожалығы биыл 50 гектарға жүгері, 30 гектарға картоп, 20 гектарға пияз, 20 гектарға жоңышқа ексе, 7 гектар алмұрт және 2 гектар алхоры бағы тағы бар. Мұнымен қатар, мал шаруашылығынан да құр алақан қалмаған агроқұрылым қызметкерлері 80 бас бие және 20 бас байтал бағады.

«Ауыл шаруашылығы саласы ауылда өскен әрбір азаматқа жақсы таныс. Ауылдағы ағайын бала кезден мал бағып, бақта да еңбек етеді. Ал, жақында біз балық өсіру ісін қолға алып, егістіктің жанынан қазылған тоғанға 3000 балық шабағын жібердік. Мұнда карп тұқымдас балықтардың бірнеше түрі бар. Тоғанның тағы бір тиімділігі – қатты су тапшылығы болғанда оның суын егістікке пайдаланамыз. Биылғы жаз барлығымыз үшін үлкен сынақ болды», — дейді Марат Жетігенов.

Шаруа қожалығында тұрақты түрде 5 адам жұмыс істесе, жиын-терін науқанында 30-40 адам жұмысқа тартылады. Қазіргі таңда егістіктен картоп жиналып жатыр. Өнімділік гектарынан 30 тоннаны құрады. Еңбеккерлер картопты қаптарға жинап, жүк көлігіне тиеуде. Экологиялық таза өнім жергілікті нарықта саудаланады. Қыркүйек айында бақтан алмұрт жиналса, күн суыта бастағанда жүгері де ораққа түседі.

Алмұрт бағының өскеніне 30 жылдай уақыт болыпты. Бақ иесінің айтуынша, мұндағы әр алмұрттың дәмі тіл үйіреді. Өнімнің тәтті болуы тұқымға байланысты. Кеңес заманының селекционерлері алмұрттың көптеген сұрыптарын будандастырып шығарған. Соның бірі А.Кацейко шығарған «Талгарская красавица» сұрыпы осы бақта мол өнім беруде. Бүгінде алмұрт әлі пісіп үлгермеген, қыркүйек айының басында жеміс тиісті салмағына жетіп, жинауға дайын болады екен.

Жұмысшылар бақша-ны айына төрт-бес мәрте суғарады. Көктемде ағаш жапырақтарын зиянкестерден залалсыздандырып, өнім жинаған соң түскен жапырақтарды түбіне көміп, қопсытады. Ал, жеміс жинау жұмысы өте маңызды болғандықтан, уақытты үнемдеу үшін ауылдан тұрғындарды еңбекке тартады Марат Жетігенов.

Жалпы, шаруашылықта жұмыс деген алғашқы суық түскенге дейін жетіп артылады. Бүгінде еңбеккерлер ауа райының қолайлы сәтін қалт жібермеуге тырысып бағуда. Себебі, жауапты науқанда әр күн маңызды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.