2024 жылдан бастап пойыздарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған вагон болады
2024 жылдан бастап облыстар арасында қатынайтын барлық поездың құрамында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған вагондар болады. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев осы мәселе туралы айтты. Көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «кедергісіз орта» құру бойынша жұмыс шеңберінде Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес еліміздегі 300 теміржол вокзалы мен станцияның 136-сы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға, оның ішінде балаларға теміржол көлігінде жол жүру құны 50% жеңілдік қарастырылған, ал «Тұлпар-Тальго» пойыздарында арнайы орындарға билеттерді ресімдеу 70% жеңілдікпен жүргізіледі. Б.Камалиев министрлік «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына түзетулер әзірлегенін атап өтті. Түзетулерге сәйкес қалалық маршруттар бойынша қатынайтын жаңа автобустар мүмкіндіктері шектеулі жандарға бейімделуі тиіс деген талап көзделеді. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында.
«Республика бойынша тұрақты қалалық маршруттарда 300-ге жуық тасымалдаушы жұмыс істейді, автобус паркінде 10770 көлік бар. Олардың 4515-і немесе 30%-ы халықтың қауқары аз топтарын тасымалдауға бейімделген. Сонымен қатар өңірлерде жалпы саны 375 автокөлігі бар 119 инватакси қызметі жұмыс істейді» , – деді вице-министр.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін білім гранттарының саны артуы мүмкін
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың сапалы жоғарғы білім алуы үшін арнайы концепция әзірленеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Facebook парақшасында жазды.
«Мүмкіндігі шектеулі жандардың сапалы жоғарғы білім алу концепциясының жобасын әзірлеуді тапсырдым.Сейфуллин атындағы КазАТУ университетінің қауымдастырылған профессоры Таңсәуле Серіковпен кездесу барысында мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғарғы оқу орындарында бакалавриатқа бөлінетін жеке білім гранттарының мөлшерін 1 пайыздан ұлғайтуды қарастыру мәселесін талқыладық. Сонымен қатар магистратура және докторантураға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеке мемлекеттік білім гранттарын бөлу және ЖОО-ның ғимараттарын мүгедектігі бар адамдар үшін жабдықтау туралы талқыладық», – деп жазды министр.