5 желтоқсан – Дүниежүзілік еріктілер күні. Бұл мейрам БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысымен 1985 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіледі.
Бос уақыттарын қоғам игілі үшін сарп ететін қайырымды жандардың мерекесіне орай сейсенбі күні «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінің мәжіліс залында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудандағы белсенді еріктілерінің жиыны өтті.
Отырыстың арнайы қонақтары ретінде ауданда белсенді жұмыс істейтін «Lider.kz» еріктілер ұйымының жетекшісі Мақсат Кенжеев пен ұйымның белсенді мүшесі Юлия Шишкова қатысты.
Кездесу барысында М.Кенжеев «Lider.kz» еріктілер ұйымының құрылу тарихы туралы, аудандағы жұмысы туралы түсіндіріп өтті. Іс-шара қатысушылары еріктілер ұйымының жетекшісіне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Сонымен қатар, Қордай ауданының түкпір-түкпірінен келген еріктілер өздерінің жұмыс істеп жатқан ұйымы мен жұмыс барысы туралы айтып өтті.
Жиынның соңында еріктілер және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділері «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Хусейн Әлімходжа, Жастар ісі жөніндегі инспектор