Биыл елімізде және әлемде орын алған пандемия әсерінен көптеген іс-шаралар кейінге қалдырылып өтпей қалғаны рас. Бұл қатарда жылдағы дәстүрге сай аталып өтетін мерекелер мен айтулы күндер де бар. Осыған орай аудан әкімдігі игі дәстүрді жалғастырып, мерекелердің уақыты өтсе де мереке иелерін құттықтауды жөн көрді.
Биыл Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 31 жыл толды. 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектелген контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізгені баршаға мәлім. Бұл қасіретті соғысқа 22 мыңнан астам отандасымыз қатысса, ауданнан 150-ден астам азамат аттанып, оның 12-сі еліне оралмады. Ал, бүгінде ауданда 115 ауған соғысының ардагері бар екен. Ауған соғысының аяқталғанына 31 жыл толғанымен, сол бір зұлмат кезеңнің қайғы-қасіреті әлі де болса көптің көкейінде екені шындық. Талай отбасын қан жылатқан сол соғыста біреу ұлынан, енді біреу асыл жарынан, ал біреулер әкелерінен айырылды. Сонау ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған қазақ сарбаздары қазіргі таңда Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда.
Осы орайда, сәрсенбі күні ауған соғысы ардагерлерінің бірқатары аудан әкімдігіне шақырылып, марапатталды. Іс-шарада аудан әкімі Рүстем Дәулеттің құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізген аудан әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев ардагерлерді қабылдап, өзінің құттықтауын да арнады.
— Жыл сайын өздеріңізбен ақпан айында кездесу өткізіп, елі үшін қаза болған жауынгерлерді еске алу митингісін өткізу дәстүрге айналған еді. Өкінішке орай, биылғы жылы ақпан айында ауданда орын алған оқиғаға және әлемді жаулаған пандемияға байланысты сіздермен кездесу кейінге қалдырылған болатын. Енді, міне бүгін өздеріңізбен кездесудің сәті келіп, жиналып отырмыз. Сіздердің сол отты күндердегі батырлықтарыңыз бүгінгі буын ұрпақ үшін үлгі-өнеге, — деген Мырзағали Ыстыбайұлы ардагерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдап, қолдан келгенше көмек беруге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәулет Кырғызбаев ардагерлерді елеп, шақырғанына алғысын айтып, кейбір проблемалық мәселелерді көтерді. Бұл қатарда ардагерлерге берілетін жеңілдіктер, үй немесе жер кезегі, медициналық ем-дом қабылдау сынды өзге де мәселелер жайында сөз өрбіді. Мырзағали Күзербаев әр сұраққа жауабын беріп, ардагерлердің көкейінде жүрген сауалдары мүмкіндігінше шешілетініне сенім білдірді.
Осыдан кейін Мырзағали Ыстыбайұлы ардагерлерге аудан әкімі Рүстем Дәулеттің Құттықтау хатын және сыйлықтарды ұсынды. Марапатталғандарды атап өтсек олар – Дәулет Қырғызбаев, Ерлан Керімқұлов, Байжан Ахметжанов, Оразбек Садабаев, Тілепберген Матаев, Таласбек Терлікбаев, Анауарбек Спанов, Тілектес Орынбаев, Мұхтар Мінісқұлов, Алдонғар Қайыпов.
Еркін Қатбеков