Ерлік пен еңбек: тыл ардагеріне құрмет
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі – бүгінгі бейбіт өміріміздің берік іргетасы. Майданда болмаса да, тылда тынымсыз еңбек етіп, Жеңісті жақындатқан жандарға тағзым ету – әрбіріміздің парызымыз.
Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Бетқайнар ауылының тұрғыны, тыл ардагері Ахметкеримов Кеңесбай ақсақалдың шаңырағында болып, тағылымды әңгімесіне куә болдық. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген қария небәрі 5 жасынан бастап еңбекке араласып, ауыл тіршілігіне үлес қосқан.
Кеңесбай ақсақалдың өмір жолы – төзім мен табандылықтың, еңбек пен елге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Ол тек тылда еңбек етіп қана қоймай, кейін ұстаздық жолды таңдап, жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуіне зор үлес қосты.
«Еңбекқор болуды ұмытпаңыздар. Еңбек – алға бастар кілт», – дейді ардагер.
Бүгінде тыл еңбеккерлерінің қатары сиреп барады. Сондықтан олардың ерлігін ұмытпай, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың қасиетті міндеті.