ЕРЛІК РУХЫНА ТАҒЗЫМ

0

9 мамырда Қаракемер ауылында соғыстан аман келіп бертінде өмірден өткен аталардың есімдері гранит тақталарға жазылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды.
Бұл сонау 1987 жылы 9 мамырда дәл осы арада өткен үлкен оқиғаның заңды жалғасындай еді. Осыдан отыз бес жыл бұрын бұл жерде соғыста қаза тапқан 246 қаракемерліктердің есімдері ойып жазылған ескерткіш ашылған еді. Маңдайына: «Дүниені алауыңмен таң қылып, Ерлік оты мәңгі бақи маздап қал. Ел есінде сақталады мәңгілік, Елі үшін шейіт болған боздақтар!» деп жазылған ескерткіштің алдында мәңгілік алау жағылған-ды. Ол кезде соғыс ардагерлері бір қауым болатын. Омырауларына орден, медальдарын самсата тағып бәрі жиылған еді. Былайғы жұрт оларға аса құрметпен қарап, бар жақсыны бөліп беруге әзір тұғын. Салтанатты митингіні колхоздың партком хатшысы Ж.Балпұқов ашып, колхоз төрағасы Қ.Мақсұтов баяндама жасап еді. Соғыс ардагерлері Б.Мәлімбаев, Қ.Сүлейменов, колхозшылар Б.Нүсіпбаев, Д.Кәкебекова және басқалар тебірене сөз сөйлеген. Сұрапыл соғыстан төрт бірдей жауынгерлік орден тағып қайтқан Қашқыналы Сүлейменов монумент алдына керілген лентаны қиып, қарт майдангер Орынбай Төстікбаев мәңгілік алауды жаққан болатын.
Міне, сол күннен бері отыз бес жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Бұл аралықта майдангерлердің барлығы бақилық болып, ауылдағы ең соңғы соғыс ардагері қайтыс болғалы да үш жылдан асыпты. Өмір өтіп барады, заман да, қоғам да өзгеріп жатыр. Бірақ, біздің кешегі сұрапыл соғыста қолына қару алғандарға деген құрметіміз өзгермеуі тиіс. Соғыс лаңы ащы да болса біздің тарих. Төрт жылдық қан кешуде қаза тауып туған топырағына оралмай қалғандар өз алдына, аман келгендер кейбірі ауыр-жеңіл жарақатына қарамай еңбекке араласып колхоз өндірісіне сүбелі үлесін қосқан еді. Жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, өнегелі істерімен үлгі көрсетті. О.Төстікбаев, И.Әдікеев, Ж.Төкеновтер мектепте ұстаздық етсе, бір қолын майдан даласында қалдырып келген С.Иманбаев пен Ж.Әкімбаев, Қ,Мәрімовтер майталман шопандар болды. Сондай-ақ, Б.Мәлімбаев, Х.Демеуов, Н.Азаматов, А.Сейілханов, Т.Базарбаев, ағайынды Медербек, Рахымбай Сағынбековтер және көптеген басқалары колхоздың сан салалы шаруашылығында тер төкті. Жеңіс күнінің 77 жылдығына жету олардың пешенесіне жазылмаған екен. Енді міне, есімдері тас тізімде тұр. Барлығы 152 адамның есімі. Соғыстан қайтпай қалғандарды қосқанда бір ғана ауылдан төрт жүздей адам соғысқа қатысқан екен. Сонымен қатар соғыстан кейінгі соғыстың — кешегі ауған соғысына қатысып келіп қаза болған төрт жауынгердің және Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан екі азаматтың да есімдері жазылыпты.
Жаңа ескерткіш соғыс құрбандарына арналған ескерткіштің қасынан тұрғызылып, біріне-бірі үндес өзгеше жарасымды ансамбль құрап, ауылдағы киелі орынға айналды. Оны тұрғызуға бүкіл ауыл жұрты, сыртта жүрген жерлестер де атсалысты. Қаржы жинады, қол күшімен де көмектесті. Салтанатты митингіні ауылдық округтің әкімі Рашид Алыбаев ашып соғыс құрбандарының рухына бір минут үнсіздік жариялады, мәдениет үйінің директоры Эльмира Жүсіпова баяндама жасады, еңбек ардагерлері Әбікен Сейілханов, Ноғай Жайықбаев, ауданның Құрметті азаматы Әбдібек Сейілхан, ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Санат Әлиев сөз сөйледі. Міне, осы азаматтар ескерткіштің ашылу лентасын да қиды. Бала-шағасымен тайлы-таяғы қалмай келген ауыл тұрғындары ескерткіштердің алдын гүлге толтырып, ерлік рухына үнсіз тағзым етіп жатты. Өйткені, онда әркімнің бір жақын адамының есімі жазылған.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.