КЕЗДЕСУЛЕР ТҰРАҚТЫ БОЛМАҚ

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сай жергілікті атқарушы органдардың басшылары тоқсан сайын халықпен есепті кездесу өткізуге міндетті. Бейсенбі күні осы мақсатпен Сарыбұлақ және Қақпатас ауылдық округтерінде аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев бастаған бір топ басшылық өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесті.
Алдымен Сарыбұлақ ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында ауыл ақсақалдары маңызды мәселелерді көтерді. Мысалы, бұл елді мекенде жер мәселесі әлі де өзекті. Кездесу барысында осы сұрақты көтеріп, жеке шаруашылықты дамыту үшін жердің жетіспейтінін алға тартқан ауыл ақсақалына Жұлдызбек Төленұлы жерді бөлу және пайдалану, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді алу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Бұл сұрақ бойынша халықтың көкейіндегі мәселелерін мұқият тыңдаған басшылық өкілдері жақын арада жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді.
Келелі кездесу Қақпатас ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауылдық мектепке жиналған ауыл белсенділері толғандырған сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды. Бұл ауылда көтерілген мәселелердің басым бөлігі газдандыруға қатысты болды. Ауылды газдандыру жұмыстары көптен бері басталып, үйдің басым бөлігі газға қосылғанымен, жаңа көшелер мен үйлерді газға қосу мәселесі шешімін таппай келеді. Осыған қатысты газ шаруашылығының өкілі көпшілікке көгілдір отынға қосылудың жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жиын барысында басшылық өкілдері азаматтардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, көтерген барлық сауалдарына толық жауап берді.
Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.