ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

0

Дүйсенбі күні №26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектебінде Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты іс-шара өтті. Шараға қатысқан Ауған соғысы ардагерлері, ауыл әкімшілігінен келген қонақтар әуелі Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр, Жамбыл ауылының тумасы М.Елизаровқа арналған ескерткіш алдында салтанатты митингке қатысып, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
Осыдан кейін салтанатты жиын мектептің акт залында жалғасын тапты. Алғашқы сөзді алған мектеп директорының міндетін атқарушы А.Мусиркегенова тарихи күннің маңызына тоқталып, майдан даласында мерт болған отандастарымыздың ерлігі ұмытылмайтынын жеткізді. Ауған соғысының ардагері М.Мінісқұлов және Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары С.Сатанова осындай іс-шаралар оқушылардың патриоттық санасын көтеріп, отансүйгіштікке тәрбиелейтінін атап өтті. Бұдан әрі тарих пәнінің мұғалімі Р.Гасанов пен жоғары сынып оқушылары сахналық қойылым қойып, дайындаған презентацияларын көпшілік назарына ұсынды. Слайдта жамбылдық М.Елизаровтың аталмыш мектеп қабырғасында оқыған кезі мен балалық шағынан естелік суреттер көрсетілді. Ауған ардагерлерінің өжеттігін жастарға үлгі ету, соғыста опат болған жауынгерлердерің рухына тағзым ету мақсатында өткен жиында М.Елизаровтың қарт анасына және ауған соғысы ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Бұдан бөлек, шара барысында 2006 жылы туған оқушыларға ҚР ҚМ әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлік тапсырылды.
Жасөспірімдер мерекені әскери — спорттық ойындармен жалғастырды. Гир көтеру, АК – 74 қаруын жартылай бөлшектеу, жинау және пневматикалық қарумен ату бойынша сынға түсті. Бұл мереке оқушыларды отансүйгіштік қасиет пен патриоттық сезімге тәрбиеледі.

Дәулет КҮНЖАНОВ, №26 Ж.Жабаев атындағы орта мектебінің АӘТД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.