9 мамыр күні аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов және Гвардейский әскери гарнизонының қызметкерлері Кенен ауылына арнайы барып, Ұлы Отан соғысының ардагері Керімқұл Қосақовты Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Қонақтарды Керімқұл ата өзі құшақ жая күтіп алды. Түрлі аспаптарды асынған әскери оркестр өнерпаздары майдангер атамыздың алдында ән салып, шаттық көңіл-күй сыйлады. Аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов өз кезегінде Керімқұл Қосақовқа аудан әкімі Мәден Мұсаевтың құттықтау хатын табыс етіп, аудандық мәслихат депутаттарының ыстық сәлемін жеткізді. Керімқұл қария келген қонақтарға алғысын айтып, отты жылдардағы естеліктерімен бөлісті.
«Қазір шүкір деуіміз керек. Елімізде бәрі бар. Жоқ дегенді айтпау керек. Жоқтық менің бала кезіме дөп келген. Қазір жағдай басқа. Әрдайым заман тыныш болып, әр үйде береке болсын», — деген ардагер басшылық өкілдеріне алғысын білдіріп, қонақтарға ақ батасын берді.