Бүгінде есірткі мәселесі тек Қазақстан емес, бүкіл әлемнің басты проблемасына айналғаны жасырын емес. Әйтсе де, есірткі қылмысына қарсы күресте еліміз аянып жатқан жоқ. Жан-жақты жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында елімізде есірткіге елігіп, тәуелді болғандармен қатар заңсыз саудамен айналысатындарға қарсы шаралар қолданылуда.
Ауданымызда нашақорлықтың алдын алып, есірткі бизнесінің жолын кесумен айналысатын есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобы бар. Аудандық полиция бөліміне қарасты бұл бөлімше мамандары жұмыстарының қиындығына қарамастан қашан да қырағылық танытып, есірткі саудасының алдын алуға барын салуда. Мәселен, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобының мамандары өткен 2020 жылдың он екі айында аталмыш қылмысқа қатысты тоқсаннан астам деректі анықтап, заңсыз саудамен айналысатын ондаған азаматты құрықтаған. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы есірткі сатудың 16 дерегі, сақтаудың 64 дерегі, аса ірі мөлшерде сатудың 6 дерегі, есірткі контрабандасының 3 дерегі, дәрі-дәрмек мақсатта сатудың 2 дерегі анықталған. Тәртіп сақшылары есепті мерзімде бас-аяғы 199 келіге жуық гашиш, героин, кептірілген марихуана, каннабис шайыры сынды есірткі заттарын тәркілеп, бұл 2019 жылғы көрсеткішпен (89 кг) салыстырғанда әлдеқайда артып отыр.
Сонымен қатар, аудандық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі Е.Сабировтың айтуынша, топ мамандары аудандық полиция қызметінің тәртіп сақшылары, аудандық ұлттық қауіпсіздік комитеті және шекара қызметінің өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста қызмет жасап, есірткі заттарын өткізумен және таратумен айналысатын азаматтардың заңға қарсы әрекеттеріне балта шауып, жоспарға сәйкес жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізеді екен. Сондай-ақ, есірткі контрабандасы, оның аудан аумағына өтуінің жолын кесу жауапты тұлғалардың басты бақылауында. Осы орайда өткен жылдың маусым айынан қазан айы аралығында «Қарасора 2020» жедел алдын алу шаралары жүргізілді. Осы іс-шара аясында тәртіп сақшылары Қайнар ауылдық округі әкімдігінің өкілдерінің қатысуымен Қайнар ауылының іргесіндегі 2,5 гектар жабайы кендір алқабының көзін жойған. Дәл осындай іс-шара тамыз айында Сортөбе ауылдық округінде де ұйымдастырылып, ауыл әкімдігінің мамандарымен бірге ауылдың оңтүстік бөлігінде өскен 0,75 гектар жабайы кендір тапталды.
Аудандық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, дәл осындай жұмыстар биыл да кең көлемде жүргізілу үстінде. Мысалы, 2021 жылдың екі айында тәртіп сақшылары есірткі қылмысына қатысты 18 деректі анықтап, 44 кг гашиш, 7 кг кептірілген марихуана, 571 грамм героин және 0,4 грамм каннабис шайырын тәркілеген. Мамандардың айтуынша бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудандағы есірткі бизнесіне қатысты қылмыстық ауалды тұрақтандыру мақсатындағы «Транзит», «Паутина», «Канал», «Қарасора» сынды алдын алу шаралары жүргізілетін болады.
Әлібек ОСПАНОВ