ФУТБОЛ АЛАҢЫНДА – АРДАГЕРЛЕР

0

Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі мен Атқару Комитетінің мүшесі, Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері,  «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері», жерлесіміз Сұлтан Қалиевтың 65 жас мерейтойына орай «Қазақстан футбол ардагерлері лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен футболдан халықаралық жолдастық кездесу өтті.

Қордайлық спорт ардагерлерінен құралған «KMGPROF-KORDAI» командасы мен көрші Қырғызстаннан ардагерлерден құралған «Алға» футбол командалары №3 Абай атындағы орта мектептің шағын футбол алаңында кім мықтыны анықтады.

Кездесудің ашылу салтанатына аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, ҚР «Еңбек ері» Руслан Қуатов, Қордай ауданының Құрметті азаматы Бақыт Байтөле және бір топ атқамінер азаматтар қатысып, достық пен салауатты өмір салтын дәріптейтін шараға сәттілік тілеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін арнап, иығына дәстүрге сай шапан жапты.

Ойынның барлық ережеге сай өтуі үшін Қырғыз елінен келген футболдан халықаралық дәрежедегі төреші Рыскелді Мұсаев төрешілік жасады.

Қырғызстандық «Алға» командасы құрамында КСРО спорт шебері, Қырғызстан Республикасы халықаралық дәрежегі спорт шебері, белгілі футболшы, бүгінде 71 жасқа келсе де доп теуіп жүрген Владимир Орешиннің болғанын ерекше атап өту керек.

Атауы ардагерлер болғанымен, алаңда ала допты ұршықша үйірген ел ағаларының шеберлігіне таң қалуға болады. Тамаша ойын өрнегін көріп, нағыз тартысты кездесудің куәсі болды сол күні жиналған қауым.

Небір әдемі сәттерді қалт жібермеген ардагер спортшылар орайы келгенде гол салудан тартынбады. Нәтижесінде ойын 3-3 болып, тең аяқталды.

Бұл жерде достық жеңді, десті жұрт. Ал, жалпы көрші елден келген қонақтар, қордайлық ардагерлер ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын айтып, аталмыш жолдастық кездеулердің маңызы жайына тоқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.