Инклюзивті төрт форматты кітап жарық көрді

0
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында Бақытжан Советұлының «Әріптер әлемі» (жұмбақтар) кітабының инклюзивті төрт форматта жарық көруіне орай тұсаукесер рәсімі өтті. Көру қабілеті бұзылған балаларға әдеби шығармаларды қолжетімді форматта ұсыну арқылы инклюзивті білім мен мәдениетті дамытуды мақсат еткен іс-шара балалардың шығармашылық әлеуетін қолдау және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды көздеді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жүзеге асырылып келе жатқан «Балалардан балаларға» жобасы негізінде ұйымдастырылған инклюзивті төрт форматты кітаптың тұсаукесер рәсіміне автор Бақытжан Советұлы қатысып, өзінің шығармашылық жолы, кітаптың жазылу тарихы мен жаңа басылымның ерекшеліктері туралы ой бөлісті.

Басылымның басты ерекшелігі – көру қабілеті бұзылған және көзі көретін балалардың кітап мазмұнымен тең дәрежеде танысуына мүмкіндік беретін қолжетімді форматтарда әзірленуі. Атап айтқанда, кітап үлкейтілген жайпақ баспалы қаріппен, бедерлі-нүктелі Брайль қарпімен, бедерлі графикалық (тактильді) суреттермен және QR код арқылы қолжетімді дыбыстандырылған аудионұсқада ұсынылды. Кітаптың аудионұсқасын дайындауға Тараз қаласындағы №69 орта мектептің оқушылары атсалысып, шығарманы өз дауыстарымен дыбыстады. Бұл бастама «Балалардан балаларға» жобасының мазмұнын тереңдете түсіп, балалардың бір-біріне рухани қолдау көрсетуіне, шығармашылық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жоба қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға және кітаптың барша балаға бірдей қолжетімді болуына бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.