ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ҮЛКЕН ДЕРТІ

0

Қордай ауданының баспасөз орталығында интернеталаяқтықтың алдын алу мәселесіне арналған брифинг өтті. Оған аудандық прокуратураның аға прокуроры Бекболат Болатұлы қатысып, «Интернеталаяқтық бүгінгі күннің үлкен дерті» тақырыбында тікелей эфирде баяндама жасады.

Брифинг барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, одан сақтану жолдары және тұрғындардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары кеңінен түсіндірілді.

Бүгінде ауыл мен қала арасындағы айырмашылық айтарлықтай азайған. Көпшіліктің қолында смартфон бар, интернетке қосылған, банк карталарын пайдаланады, жалақы, зейнетақы, жәрдемақы алады. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар, қылмыстың жаңа түрлері де белең алып отыр.

Аға прокурордың айтуынша, интернет-алаяқтық – бөтен адамдардың алдау, қорқыту немесе жалған уәде беру арқылы азаматтардың ақшасын, мүлкін немесе жеке деректерін иемденуі. Мұндай қылмыстардың басты ерекшелігі – қылмыскер мен жәбірленуші бетпе-бет кездеспейді, барлығы телефон, интернет және әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады.

Тәжірибе көрсеткендей, ауылдық жерлерде интернет-алаяқтықтың бірнеше түрі жиі кездеседі. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде арзан бағада мал, жем-шөп, техника немесе құрылыс материалдарын ұсынып, алдын ала төлем алып, кейін хабарсыз кету деректері бар. Сондай-ақ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «картаңыз бұғатталды», «күмәнді операция тіркелді» деген желеумен азаматтардың карта нөмірін және SMS-кодын алдап алу жағдайлары да аз емес.

Бұдан бөлек, «туысыңыз жол апатына түсті» немесе «полицияда отыр» деген жалған хабармен шұғыл ақша талап ету, «инвестиция», «онлайн табыс», «ақшаны көбейтіп береміз» деген уәделермен алдау, сондай-ақ ауыл тұрғындарын несие рәсімдеуге итермелеп, қаражатты өз есепшоттарына аударту сияқты тәсілдер жиі қолданылады.

Алаяқтар көбіне адамдардың сенгіштігін, асығыстығын, құқықтық сауатының төмендігін және интернет қауіпсіздігі жөніндегі ақпараттың аздығын пайдаланады. Көп жағдайда жәбірленушілер «ұят болады» деп дер кезінде құқық қорғау органдарына хабарламай, уақыт өткізіп алады. Бұл – ең үлкен қателік екені атап өтілді.

Бекболат Болатұлы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыс болып саналатынын және ол үшін айыппұл, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары көзделгенін еске салды.

Брифинг соңында аудан тұрғындарына бірқатар маңызды кеңестер берілді. Атап айтқанда, ешқашан банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу, белгісіз қоңырауларға бірден сенбеу, алдын ала ақша аудармау, асықтырып шешім қабылдататын ұсыныстардан сақ болу қажет. Күмән туындаған жағдайда туыстармен, балалармен немесе жергілікті әкімдікпен ақылдасу ұсынылды. Ал алаяқтық фактісі орын алса, дереу полицияға немесе прокуратураға хабарласу қажет.

«Ауыл – бірліктің орны. Біреу алаяқтыққа тап болса, өзгелерге ескертіп, әсіресе үлкен кісілерге түсіндіру маңызды. Ақпаратты жасырмай, бөлісу қауіптің алдын алудың бір жолы», – деді аға прокурор.

Эфир барысында брифингке қатысқан тілшілерден және әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан түскне сұрақтарға да жауаптар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.