ИНТЕРНЕТ БАЛА ҮШІН ҚАУІП-ҚАТЕР КӨЗІ МЕ?

0

Жаңа технологияларды дамыту мен цифр-ландыру өмір сапасын жақсартып, ыңғайлы болғанымен адамға төндірер қаупі де жоқ емес. Мәселен, адамның жеке деректері көпшілікке жайылып кетуі сынды қатер бар. Солардың ішінде кибербуллинг туралы сөз етсек. Біз үшін бұл жаңа ұғым. Қарапайым тілмен айтқанда кибербуллинг дегеніміз адамды әлеуметтік желілер арқылы қорлау, қудалау, қорқыту, басқаларға адамның беделін түсіретін хабарлама жолдау болып табылады.

Осы орайда кибербуллингтің балалар үшін қаупі туралы айтып өтсек. Қазіргі заманда интернет әрбір адамға қолжетімді, азаматтардың көбі әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, электронды пошта қолдануда. Ал, осындай жандар кибербуллингке тап болуы мүмкін. Интернет желісінде әртүрлі себептермен тек осындай жұмыстармен айналысатын адамдар бар. Сондықтан, балаларымызды қалай қорғау қажет екенін білгеніміз абзал. Осы орайда бұл сұрақпен біз кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия хатшысы Алина Почуеваға жолығып, аталмыш тақырып аясында сөз қозғаған едік.
-Әрбір ата-ана баласының көңіл-күйіне алаңдап, оны біреу ренжіткенін қаламайтыны анық, — дейді Алина Александровна. Дей тұрғанымен, балалар ата-анасына ең алдымен сенімді адам ретінде қарап, көңіліндегісін еркін айтуы қажет. Өмірінде болып жатқан жағымсыз жаңалықтарды жүрексінбей жеткізе алғаны дұрыс. Осы ретте балаға сіздің мақсатыңыз оның өмірін бақылау емес екендігін, оған айтпай ешқандай қадамға бармайтыныңызды, керісінше күрделі мәселені шешу үшін ақыл-кеңес беріп, дұрыс бағыт көрсететініңізді түсіндірген дұрыс, дегенді айтады маман.
«Балаға интернетте қандай ақпаратпен бөлісіп, қандай мәлімет жарияламау қажет екенін жеткізіңіз. Аз дегенде үйдің мекенжайы, телефон нөмірі құпия болуы тиіс, себебі тек қана жазылушыларға қолжетімді жарияланымдар бүкіл интернетке таралып кетуі мүмкін. Баланы жарияланымдарға мұқият болуды үйретіңіз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қауіпсіздікті реттеуді түсіндіріңіз, мысалы оларда бөтен жарияланымдар мен суреттерде өзіңді белгілеуге тыйым салу мүмкіндігі бар. Бала өз аккаунттарының қорғалуының маңыздылығын түсінгеніне көз жеткізіңіз. Олардың құпиясөздерімен тіпті жақын достармен бөлісуге болмайтынын түсіндіріңіз. Кибербуллингті тоқтатудың ең қарапайым жолы осылар болып табылады. Бала әлеуметтік желідегі қорлауға шағым келтіре алатынын түсіну керек. Ол үшін әр жарияланым мен пікірдің маңында «Шағым келтіру» немесе «Report» батырмалары бар. Агрессивті жазбалар мазаламау үшін оларды «қара тізімге» қосу қажет. Бұл шарасыздықтың белгісі емес, керісінше – «мен мұны естігім келмейді, бұл маған ұнамайды» дегенді білдіреді. Өз балаңызды жазылушылар қатарына қосыңыз. Балаңыздан аккаунтқа сілтеме немесе құпиясөзді талап еткенше әлеуметтік желіде дос болуды ұсыныңыз. Осылайша сіз балаңызды қолдап, бір мезгілде оның интернетте кіммен қарым-қатынасы бар екенін, қай топқа кіргенін біле аласыз. Балаға онымен әлеуметтік желідегі достығыңыз оның жеке өмірін бұзу үшін емес, оның көзқарасына қосылып, қиын сәтте қолдау үшін қажет екенін түсіндіріңіз», — дейді А.Почуева.
Туындаған проблемалардан хабардар болып отыру үшін педагогтар мен мектеп психологтарымен қарым-қатынаста болу қажет. Сынып жетекшісіне қауіптеніп жүргеніңізді жеткізуден ұялмаңыз. Мектеп пен отбасы бірігіп қана қудалаудың кез-келген түріне төзбеушілік саясатын қалыптастыра алады. Кибербуллингке мән бермеу әсерлі стратегия болып табылады. Интернеттегі қорлауға жауап беру қажет емес, мәселені одан ары ушықтыруға жол бермеу керек. Қудалауды елемей, хобби тауып, мектептегі түрлі шараларға қатысқаны дұрыс.
Интернет-қудалауға қарсы күрестің халықаралық тәжірибесі де жоқ емес. Мәселен, 2007 жылы Оңтүстік Корея интернетте қудалауға қарсы күреске бағытталған заң жобасын әзірлеген болатын. Еуропада, атап айтсақ Францияда 2011 жылдың мамыр айында білім министрі Facebook әлеуметтік желісінің қолдауымен бірқатар жұмыстарды қолға алса, Германиядағы кибермоббинг – жеке немесе азаматтық-құқықтық теріс қылыққа теңелген. Ол үшін ересектерге 10 жылға дейін бас бостандығынынан айыру жазасы қарастырылған. Жасөспірімдер үшін 5 жылға дейін қамаққа алу немесе мәжбүрлі түзету жұмыстары қарастырылған.
Ең бастысы ата-аналар мен балалар арасындағы сенімді қарым-қатынас кез-келген қауіп-қатердің алдын алатын ең ықпалды шара екенін естен шығармау керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.