Бейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұлдың төрағалығымен тұрғын үй бағдарламалары бойынша жиын өтті.
Жиынға «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейрманова, бизнесті дамыту бөлімінің маманы Болат Қыдыралиев және кеңесші Дамира Қасқырбай қатысып, аудан тұрғындарына банктің тиімді тұрғын үй бағдарламалары туралы толыққанды ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Облыстан келген мамандар ең алдымен «Отбасы банк» ұсынған «Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламаларына енгізілген өзгерістерге, негізгі талаптарына тоқталып өтті. Айтуларынша, екі бағдарламаның да талаптары бірдей. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша баспана алуға ниетті азаматтарға салымды жинақтау мерзіміне қатысты шарттар қойылмайды. Депозитті бағдарламаға қатысуға өтінім бергенге дейін ашуға болады. Несиенің максималды сомасы Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн., басқа өңірлерде 30 млн. теңге. Әлеуметтік осал топ санатына жататындар үшін сыйақы мөлшері де төмен, небәрі 7%. Ал депозиттегі жинақтың ең аз сомасы 1 млн. теңге болуы қажет. Бастапқы жарна 20%-ы құрайды. Несиелеу мерзімі 19 жыл»,-деп түсіндірді банк өкілдері.
Сонымен қатар Жұлдыз Мейрманова «Аqyl» депозиті, «Арманға жол», «Асыл мекен» бағдарламалары жайында да айтып өтіп, аудан тұрғындарын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға шақырды.
Кездесу барысында қатысушылар жоғарыда аталған бағдарламалардың шарттары, өтінім беру жолдары және олардың тиімді тұстары жайында сұрақтар қойып, жан-жақты жауап алды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл баспана мәселесі қазіргі таңдағы ең өзекті тақырыптардың бірі екендігін атап өтіп, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына тұрғын үй бағдарламаларын аудан халқына кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, арнайы облыс орталығынан келген мамандарға алғыс білдірді.