ІСМЕРЛІК — ІСКЕРЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ БАСТЫ ҚАДАМ

0

«Бизнес Бастау» атты кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының арқасында көптеген отбасылар өз бизнесін нөлден бастап, ешқандай қаржылық шығынсыз, тұрақты табысқа қол жеткізуге мүмкіндік алды. Жоба арқылы кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, жаңа істі бастаудың қыр-сырларын танып, 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантты иеленуге болады.

Қарасай батыр ауылының тұрғыны Гүлнұр Жұмабекова бұл мүмкіндікті пайдаланып, жетістікке жетіп отыр.
Гүлнұрдың анасы да, әжесі де тігіншілікке жақын болған. Бүгінде өз өнімдерін таныстыру барысында ол әдемі, ыңғайлы киім-кешек тігуге құмарлық анасы мен әжесінен берілгенін айтады.
— Бала кезімнен басқа кәсіп жайлы ойлаған емеспін, тек тігіншілікке қызықтым, — дейді Гүлнұр Амантайқызы.
Мектепті бітірген соң кәсіптік лицейге оқуға түсіп, тігінші дипломын алып шығады. Көптеген жылдар бойы Тараз және Алматыдағы тігін цехтарында жұмыс істеді. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан соң жағдай өзгерді. Күйеуінің туған ауылы Қарасай батыр ауылына келіп, осында қоныстанады. Қай жерде жүрмесін, Гүлнұр өзімен бірге әрдайым тігін машинкасын тастамайды.
— Бұл жерге келген соң, отбасымыздың табысын қалайша көбейтсем болады, немен айналыссам екен деп ойлана бастадым. Бәрінен де тігіншілікті жақсы білемін. Сол өзім жақсы білетін істі жалғастыруға бел будым, — дейді Гүлнұр Жұмабекова. Жаңа істі бастар алдында тігінші өтеусіз грант жайлы естіп, оны алу үшін бағын сынап көрмек болады. Қажетті құжаттар да жинала бастайды.
Гүлнұр отбасында 5 бала тәрбиелеп отыр, отағасы Талғат екінші топтағы мүгедек, жергілікті мектепте күзетші болып жұмыс істейді. Үйде сиыр ұстап, май-сүтін жинайды. Дегенмен, «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға үй шаруасы кедергі болған жоқ. Бұл тігіншілікті одан әрі дамыту үшін грант ұтып алуына көмектесті. Кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы жерлестерінен естіп, қатысуға бел буады. Барлық ақпаратты толығырақ білген соң, грантқа қажетті құжаттарды тапсырып, өз жобасын сәтті қорғай білген ол 1 225 000 теңге көлемінде грант иегері атанады. Тігінші бұл қаржыға заманауи тігін жабдығы – оверлок, түзу және ирек тігіс машиналарын, тігісті сөгетін машинка және бу үтігін сатып алды.
Бүгінде Гүлнұр Амангелдіқызы күнделікті киетін және ұлттық киімдерді, ұлттық үлгідегі бас киімдерді, үйге тоқыма бұйымдар мен шымылдықтарды, қалыңдықтың жасауын, сауда сөмкелерін тігеді. Ол тіпті жұмсақ ойыншықтар мен жиһаз жабындарын ұсына алады. Көбінесе қолөнершіге киімдерді қалпына келтіруді сұрап қайырылады. Айтпақшы, көрпе жасағанда тігінші өрнектерге 3D техникасын қолданады. Үш көрпеден тұратын бір жиынтық жасауға екі күн кетеді. Өнімдердің бағасы қолжетімді – төр көрпенің құны 18 000 теңгеден басталады. Бізбен әңгімелесіп отырып, тігінші әдемі сәукеле жасауды жалғастырды. Нәзік бас киім моншақтармен, тастармен, өрнектермен безендірілген.
Гүлнұр тапсырысқа кіріспес бұрын бұйым өзінің сапасымен, сыртқы түрімен көпке ұнайтындай матаны мұқият таңдайды, эскизін салады. Барлық қажетті материалдарды сенімді жеткізушілерден сатып алады.
Оның айтуынша, сапалы және уақтылы жасалған тапсырыс клиенттердің сенімін иеленеді, бұл бизнес саласында өте маңызды. Және, нәтижеде әлеуетті тұтынушылар қатары көбейіп келеді.
Қолөнерші әлі қалаған табысына жете алмағанына қарамастан, қол қусырып отырған жоқ.
Оның алдағы жоспары тігін цехын салып, өндірісті кеңейту. Ол үшін тігіншілік шеберлігін шыңдап келеді.
«Күйеуім және балаларым жақсы қолдау көрсетеді. Армандар орындалады деп сенемін, — дейді Гүлнұр Жұмабекова.

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.