КҮМБІРЛЕТІП КҮЙ ТӨККЕН КӘРІС ЖІГІТ

0

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген аталы сөз әр қазақ домбыра шерте білуі тиіс дегенге саятындай. Соңғы кездері тек қазақ баласының ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де халқымыздың ұлттық аспабына деген қызығушылығы артып келетіні қуантады.
Осындай жандардың бірі – Тимур Ким. Ол ұлты кәріс болса да, қазақ халқының асыл қазынасы қос ішекті қара домбыраның құлағында еркін ойнайды.
Бүгінде Тимур Бетқайнар ауылдық Ыбырай Алтынсарин атындағы №27-ші орта мектептің 9-сынып оқушысы. Оның айтуынша, домбыраға, жалпы музыкаға деген қызығушылығы 6 жасынан басталған екен. Алғашқы білімін Қордай аудандық Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығынан алған. Білім ордасында жүріп, түрлі республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Республикалық «Мың бала» конкурсында «гран-при» жүлдегері атанған, осы сынды шығармашылықтағы өзге де жеңістері көп. Расында, тұла бойына өнер тұнған жас дарынның әлі де алар асуы алда. Ата-анасы да ұлдарының болашағынан зор үміт күтеді. Бала күнінен қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен Тимур бүгінде Қазақстан Республикасының Жас патриоттар академиясының мүшесі.
«10 жасымнан Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінде оқып, вокал және домбыра, фортепиано аспаптарында ойнауды үйрендім. Қазіргі кезде «Адай», «Балбырауын», «Айбарыс», «Ерке сылқым» күйлерін еркін ойнай аламын. Күй тартқанда көңілім көтеріліп, өнерге деген қызығушылығым арта түседі. Уақытымды бос өткізбеуге тырысамын, спортпен шұғылданғанды, достарыммен футбол ойнағанды жақсы көремін»,– дейді Тимур.
Фарида ҚОРАБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.