КӨЛІГІҢДІ ЖУЫП, ҚЫМЫЗ ІШІП ҚАЙТ…

0

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Расында да еңбек еткеннің ертеңге деген сенімі артары анық. Кәсібін ашып, көпшілік батасын алып жүрген жандар баршылық, бірақ та бүгінгі әлемдегі және еліміздегі ахуал, дағдарыс қыспаққа алған кезде жаңа идеяларды ойластырып, кәсіп пен бизнеске өзгеше көзқараспен қарау керек сияқты. Отар ауылының тұрғыны Әрлен Қаршыға осыны ойласа керек. Жас азамат Отар ауылында өзін-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу орталығын ашты.

Иә, бұл бизнес түрі жаңашыл деуге келмейді, алайда өзін-өзіне қызмет көрсететін Отардағы алғашқы көлік жуу орталығы екен. Әрленнің әкесі Қайрат Оңғарбаев та кәсіптің түр-түрімен айналысып көрген іскер азамат. Оның іскерлігі баласы Әрленге дарыса керек, 23 жасар азамат көлік жуу орталығын өзі басқарып, керек-жарағымен қамтамасыз етіп отырады.

Бұл істі бастамас бұрын жергілікті нарықты зерттеп, шығынды есептеп шықтық. Гвардейский қалашығын қосқанда округте 3 мыңнан астам көлік бар екен. Осыны ескере отырып, жұмысымызды бастадық. Алдыменен құрылыс жұмысын бастап, 3 бокс-ке арналған бастырма және Алматы қаласынан қажетті құрал-жабдықтарды әкелдім. Жалпы, бір боксқа қажетті жабдық 2,5 млн теңге, ал барлық жұмыстарға 12 млн теңге жұмсалды, — дейді Әрлен.

Жас кәсіпкер барлық шығынның тез ақталатынына үмітті. Барлығы ойдағыдай болса 3 азаматты жұмыспен қамтымақ. Айта кету керек, көлік жуу орталығы орналасқан 39 сотық жерді олар аукцион арқылы алыпты. Сонымен қатар, ол учаскеге киіз үй қойып, бие байлайтын орын дайындаған. Қайрат Оңғарбаевтың айтуынша жақында мұнда 20-30 бие байланып, қымыз сауылмақ. Осылайша, киіз үйден ауқаттанып, қымыз ішем деушілерге керемет мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ, Оңғарбаевтар учаскенің жан-жағын абаттандырып, ағаштар отырғызып, көріктендіруді ойластыруда.

Әрлен Қаршыға бизнесін одан әрі дамытуды армандайды. Жас кәсіпкер мемлекеттен көмек көрсетілсе жаңа тың идеяларды іске асыруға дайын.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.