КҮШІМІЗ МЫЗҒЫМАС БІРЛІКТЕ

0

Жуырда ауданымызда орын алған табиғи сипаттағы төтенше жағдай баршамызға «ынтымақ» сөзінің мағынасын тағы бір мәрте ұғындырғандай болды. «Бірлік қайда болса, ерлік сонда» дегендей, қордайлықтар ақ түтек боранда жолда қалған азаматтарды құтқару жұмыстарына жұдырықтай жұмыла кірісті.  Сын сағатта бірліктің биігінен көрінген аудан азаматтарының әрекеті көңіл қуантқаны рас.

Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен адамдарға қол ұшын созған қайырымды жандардың ерлікке пара-пар істерін жарыса жазып, редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз осы күндері көп болды. Әсіресе, қамқорлықтарын аямай, мейірбандық танытқан Кенен ауылының тұрғындарына көпшіліктің алғысы зор. Боран күшіне еніп, жағдайдың ушығып бара жатқанын естіген кенендіктер ойланбастан қар құрсауында қалғандарды құтқаруға шыққан. Бұл күндері Кенен ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері, ауылдық мәдениет үйі, мектеп, амбулатория, Кенен ауылының балалар мен жасөсіпірімдер шығармашылық орталығы, «Алтын бесік» балалар бақшасы, жалпы ауылдың қайырымды азаматтары бас болып, 1000-ға жуық адамға көмектескен. Жолда қалған жолаушылар мен көлік жүргізушілерін ауылдан ұйымдастырылған жылыту пунктеріне орналастырып, сыймағандарын ауыл тұрғындары өз үйлеріне паналатқан. Ауыл азаматтары күн-түн демей жолда қалғандарға ыстық тамақ тасып, жылы киіммен қамтамасыз етіп, көп жәрдем берді.

Қолайсыз ауа райының салдарынан сол күндері ауданымыздағы бірқатар елді мекендер жарықсыз, жылусыз қалған-ды. Қиын шақта байланыссыз қалған ауылдардың бірі – Сарыбұлақ ауылдық округі. Құрамына екі ауыл кіретін округ ауданымызда түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған мекен. Бір шаңырақ астында ұйысып отырған ауыл халқы бұрқасын боранда қалған елдің амандығы үшін ештеңеден тайынбай, құтқару жұмыстарына белсене қатысты.

Сарыбұлақ ауылдық округі әкімдігінің берген мәліметінше сол күндері округте 350 адам құтқарылып, оның 127-сі Қайнар ауылындағы «Ақбұлақ» балабақшасына орналастырылған, қалған азаматтар Сарыбұлақ ауылындағы амбулатория, мектеп, басқа да арнайы ұйымдастырылған жылыту пунктеріне жатқызылған. Сонымен қатар, алыс жолдан келе жатқан жолаушыларды үйлеріне кіргізіп, ыстық тамақ пен жатын орын берген қарапайым отбасылар да көп кездесті.

Иә, ел басына іс түскен шақта  күшіміз мызғымас бірлікте екендігіне көз жеткіземіз. Қиын шақта тас түйін болып жұмылған қордай жұрты мұқтаж жандарға іспен де, сөзбен де демеу беріп, жақсылық жасауға ұмтылды. Елді әбден әбігерге салған мұндай табиғат құбылысы енді қайталанбасын деп тілейміз. Ең бастысы халқымыз аман болсын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.