Алға ауылдық округіне қарасты Көгадыр ауылында суды тазартатын кешенді блок-модульдің ашылу рәсімі өтті. Бұл жоба ауыл тұрғындарының сапалы суға қол жеткізуін қамтамасыз етпек.
Блок-модульдің басты артықшылығы – кәдімгі құдыққа қарағанда, ауылды сапалы су көлемімен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Мұндай кешендер тұрғындардың су қажеттіліктерін тиімді шешуге ықпал етеді.
Көгадырлықтардың қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов келді. Ол тұрғындарды нысанның ашылуымен құттықтап, таза судың игілігін көруді тіледі.
«Үлкен елді мекендерде құбырлар төселіп, үйді-үйге су жеткізілсе, тұрғындар саны аз ауылдарға блок-модуль кешенін орнатуды қолға алдық», – деді Бақыт Оңласынұлы.
Айта кетейік, ауылға кешенді блок-модуль арқылы су жүйесін кіргізген мердігер – «Қордай Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорны. Тапсырыс беру мәселесін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі жүзеге асырды.