ӘР ТАМШЫ ҮНЕМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

0

Жамбыл өңірінде су мәселесі қашанда тіршіліктің өзегіне айналған. Биылғы жыл да бұл тұрғыдан ерекшелік емес. Қазсушар РМК Жамбыл облыстық филиалында өткен есептік жиында дәл осы өзекті мәселе – суару маусымына дайындық, су ресурстарын тиімді пайдалану және цифрландыру жұмыстары кеңінен талқыланды. Жиын барысында сала мамандары алдағы кезеңнің жауапкершілігін терең сезініп, нақты міндеттерді айқындады.

Бүгінде су шаруашылығы саласы жаңа кезеңге қадам басуда. Келісім-шарттарды электронды форматта рәсімдеу біртіндеп жолға қойылып, биллинг жүйесі арқылы есеп жүргізу жүйеленіп келеді. Бұл – уақыт талабынан туған жаңашылдық. Шаруалармен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Барлық бөлімшелерді интернет желісімен және заманауи компьютерлік техникамен қамтамасыз ету – су басқару ісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Тіпті демалыс күндері де кезекшілік ұйымдастырылып, қызметтің үздіксіздігі қамтамасыз етілуде.

Алайда табиғаттың өз заңдылығы бар. Биыл Жамбыл облысында 70 мың гектар алқапқа су жеткізу жоспарланғанымен, су қорының шектеулі екені анық сезілуде. Әсіресе Георгиевский каналы арқылы келетін су көлемінің вегетацияның ең қызған шағында 10 м³/секундтан аспауы – алаңдатарлық жағдай. Бұл – жер емген диқан үшін үлкен сын.

Осыны ескерген аудан басшылығы мен сала мамандары қыс айларынан бастап шаруалармен бірнеше мәрте жүздесіп, жағдайды жан-жақты түсіндірді. Әңгіме барысында ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу, су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс құрылымын қайта қарау мәселелері кеңінен қозғалды. Өйткені көршілес Қырғызстан аумағынан келетін су көлемінің азаю қаупі және жауын-шашын мөлшерінің төмен болуы топырақтағы ылғал қорының жеткіліксіздігіне алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайда табиғатпен тайталасқан еңбек кейде нәтижесіз қалуы да ғажап емес.

-«Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалына қарасты Қордай өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері жергілікті әкімдіктермен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, суармалы кезеңнің басталуына байланысты шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, су арнасының ең соңына суды көп қажет ететін егістерді отырғызбау, суды көп қажет ететін дақылдарды азайту және ағымдағы жылы су тапшылығы болуы мүмкіндігі туралы ескертулер айтылды. Шаруалардан түскен ескертулер мен ұсыныстар да ескерілді. Сонымен қатар, мекемеге қарасты су арналарының 42 шақырымына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Қазіргі таңда 11 шақырым учаскеде тазалау жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Ағымдағы жылы мекеме мен шаруалар арасындағы келісім-шарт электронды түрде жүргізілетіндігі туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде, — дейді -«Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалына қарасты Қордай өндірістік бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершібұлов.

Айта кетер болсақ, алдын ала жоспар бойынша 2026 жылы 14 150 гектар алқапқа дақыл орналастыру көзделген. Алайда нақты су жеткізу мүмкіндігі 13 400 гектармен шектеліп отыр. Бұл – ауданның суармалы жерінің небәрі 35 пайызы ғана. Жалпы егіс көлемі 93 273 гектарды құраса, оның 11 450 гектары ғана суармалы алқап. Қалған бөлігі табиғи ылғалға тәуелді.

Осындай жағдайда тіршіліктің тамырына қан жүгірту үшін қосымша шаралар қолға алынуда. Жерасты су көздерін пайдалану, қажет болған жағдайда 25 ұңғыманы іске қосу – соның айғағы. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары жетекшілік ететін арнайы жұмысшы топ құрылып, ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл – ел болып еңсеретін ортақ міндеттің бір көрінісі.

СУ РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРТУ

Су – шектеулі байлық. Сондықтан оны ретсіз пайдалану болашаққа балта шабумен тең. Қазақстан Республикасының Су кодексі осы тұрғыда нақты талаптар белгілейді. Соның ішінде су пайдалану лимиттері – аса маңызды ұғым. Бұл – суды алудың рұқсат етілген шекті мөлшері. Яғни әрбір су пайдаланушы өзіне белгіленген көлемнен артық су алуға құқылы емес.

Лимиттер екі деңгейде қарастырылады. Бірі – ұзақ мерзімді, яғни он жылға арналған стратегиялық жоспар. Екіншісі – жыл сайын нақты жағдайға қарай белгіленетін жедел лимит. Қуаңшылық жылдары бұл көрсеткіштер қайта қаралып, су көлемі қысқартылуы мүмкін. Мұндай сәтте судың әр тамшысы алтынмен тең.

Ауыл шаруашылығы – су ресурстарының негізгі тұтынушысы. Сондықтан су бөлу процесі дақыл түрі, суару нормасы және каналдардың өткізу қабілеті ескеріле отырып жүргізіледі. Дегенмен кез келген жағдайда су ең алдымен халықтың ауызсу қажеттілігіне бағытталады. Бұл – өмірдің басты қағидасы.

Су тапшылығы жағдайында инфрақұрылымды жаңғырту – уақыт күттірмейтін міндет. Бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде жүздеген шақырым канал автоматтандырылып, қайта жаңғыртылуда. Бұл жұмыстар су ысырабының алдын алып, суды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Цифрландыру да бұл саладан шет қалған жоқ. Қазіргі таңда мыңдаған өзен-көл мен су нысандары цифрлық жүйеге енгізіліп, бірыңғай су балансы қалыптастырылуда. Бұл – судың қайдан келіп, қайда жұмсалып жатқанын нақты бақылауға жол ашады.

Қордай ауданындағы Қайнар ауылы маңында жүзеге асырылған ірі жоба – осының айқын дәлелі. 3800 гектар алқапты сумен қамтуды көздейтін бұл жоба аясында жер астымен 8 шақырым құбыр тартылып, қуатты насос станциялары орнатылған. Жылына 5 миллион текше метр су жеткізу мүмкіндігі болады.

Қордай өңіріндегі бүгінгі жағдай – тек бір ауданның мәселесі емес, ол тұтас елдің су қауіпсіздігімен астасып жатқан күрделі түйін. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, жүйелі жоспар, тиімді басқару және ортақ жауапкершілік арқылы бұл қиындықты еңсеруге болады. Ең бастысы – судың қадірін ұғып, әр тамшысын үнемдей білу.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.