Көктайғақ кезінде ескеруіңіз керек маңызды ережелер

0

Қаңтар басталысымен қыс қаһарына мініп, қытымыр мінез көрсетуде. Синоптиктердің болжауынша, алдағы тәуліктерде еліміздің басым бөлігінде суық ауа райы сақталады. Осы ретте төтенше жағдайлар қызметкерлері аяз, көктайғақ кезінде ескеру қажет төмендегідей кеңестерді ұсынады.
Асықпай жүріңіз
Жүргенде әр қадамыңызды нық басып, асықпай жүріңіз. Асыққан кезде қауіп күшейеді: адам тайып құлауы, сүрініп кетуі әбден мүмкін. Қолыңызда зат болмағаны жақсы. Қарт адамдар басында резеңкесі бар таяқ ұстағаны абзал.
Аяқкиіміңіз ыңғайлы болсын
Мұзда тайып құламау үшін әуелі биік өкшелі аяқ киім емес, ыңғайлысын киіңіз. Мұндай күндері табаны жұмсақ, таймайтын аяқкиім кигеніңіз дұрыс. Былғары мен пластик табан сырғанақ келеді. Аяқкиіміңіз тым тайғақ болса, оған поролон, пластырь, изолента жапсырып алуға болады немесе астын құммен ысқылау керек.
Аяғыңыз тайған жағдайда
Егер аяғыңыз тайып кетсе, тізені бүгіп, жүрелей қалу қажет. Құлап бара жатқанда домалап, жерге жұмсақ түсуге тырысыңыз. Қолыңыздағы затты сақтаймын деп әуре болмаңыз.
Құлаған соң тез тұруға асықпаңыз, ешқандай жарақаттың жоғына көз жеткізіңіз. Тұра алмай қалған немесе жарақат алған жағдайда айналаңыздан көмек сұраңыз.
Көктайғақ кезінде арқамен, шалқасынан құлау — өте қауіпті. Бұл мидың шайқалуына, бастың ауыр жарақат алуына әкеліп соғуы мүмкін. Жарақат алған жағдайда дереу дәрігерге көрініңіз.
Қандай жерлермен жүруге болмайды?
Көктайғақ кезінде жүріп келе жатқан көлікке жақындамаңыз. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге аялдама, баспалдақ, табалдырық адамдардың ең көп құлайтын жері екенін ескеріңіз. Баспалдақпен жүргенде сүйенішті қолданыңыз, тек құм төселген жермен жүріңіз.
Қарт адамдар не істеуі керек?
Көктайғақ кезінде егде жастағы тұрғындар көп жарақат алып жатады. Сондықтан олар тайғақ кезде сыртқа шығуды шектегені дұрыс. Үлкен кісілер басында резеңкесі бар таяқпен жүруі немесе айналасындағы адамдардың көмегіне жүгінуі қажет.
Жүргізушілер назарына
Жүргізушілер автокөліктің техникалық жағдайына, әсіресе, тежеуіш жүйесіне, дөңгелектердің жарамдығы мен оның маусымға сәйкестігіне назар аударуы керек.
Жолға шықпас бұрын қозғалысты аз жылдамдықпен ақырын бастаңыз. Мектеп жанында, көпірде, көше қиылыстары мен бұрылыстарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жылдамдықпен жүріңіз. Қозғалыс кезінде көліктер арасындағы қашықтықты әдеттегіден алысырақ ұстау қажет.
Сырғып кетіп, өзіңіз және айналаңыздағылар зардап шекпеуі үшін күрт қозғалмаңыз. Сонымен қатар автокөлікпен алыс жолға шығуды мүмкіндігінше шектеңіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.