Көктем мерекесіне бүлдіршіндер тартуы

0

Балабақшаға баратын Зара есімді немерем екі-үш күн бойы «Бізде жақында үлкен мереке болады, мен онда ән саламын, би билеп, тақпақ айтамын. Сіз де барасыз, иә, әже?»,- деп сан қайталап, қолқа салып жүрді.

Бас изеп қойғанмен, онша мән бермегенмін. Уақыты келгенде алып ұшқан бала көңілі айтқанын істетіп, олардың концертін тамашалаудың сәті түскен. Есіктен кірген бойда-ақ қызылды-жасылды киінген бүлдіршіндердің балбұл жанған жүздері, риясыз күлкілері, едәуір егделеу тартқанда бала күйге еніп, олармен жарыса ойнап жүрген тәрбиешілер, бәрі-бәрі көңіл-күйді бірден баурап әкетті. Олардың бұл мерекеге ұзақ әрі мұқият дайындалғандары көрініп ақ-тұр. Бүлдіршіндер бар зейінімен тәрбиешілердің іс-қимылын айнытпай бірге орындайды.

Зал ішінің безендірілуі мен сән салтанаты бірін бірі толықтырып, астасып-ақ тұр. Сөздің расы, бейнебір ертегілер әлеміне кіріп кеткендей сезіндік. Екі сағатқа жуық уақыт қалай тез өте шыққанын сезбей де қалғандаймыз.

Соңында тағы 25 баланың барлығына, әуелі қыздарға, сосын ұлдарға сыйлықтар берілді. Сыйлық алған балалардың қуанышында шек жоқ, оған біз де мәзбіз.

Біздің тамашалағанымыз «Айналайын» балабақшасының  №4 «Тамшы» деп аталатын ересектер тобының концерті. Бұл топтағы тәрбиеленушілердің өнеріне, қабылдау қабілеттеріне, тәнті болдық. Бірінен бірі өтіп тұрған өрендер. Олардың тәрбиешілері М.Демина, Н.Макаренко, музыкамен сүйемелдеуші О.Сидоренко, әрқайсысы осы салада жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі жандар екен.

Барынша жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға ризалығымды жасырмастан, қасымда отырған ата-аналардың бірімен ой бөлістім.

–  Көріп тұрғаныңыздай, мына жаңалықтың бәрі балабақша меңгерушісі М.Аманбаева ханымның өз тарапынан жасалынған дүние,-деді көзтартарлық зал ішін меңзеп, – бүгінгі ғана емес, жаңа жылдық мерекеде де сыйлық беріп, балаларды қуанышқа бөлеген, деді ата-ана.

Осында жиырма жылдан астам уақыт қызмет істейтін балабақша әдіскері Ләззат Ұлтанбаеваны сөзге тартып, ой бөлісуді жөн көрдік. Өйткені, ата-аналардың айтуынша, бақша жұмысы соңғы кезде айрықша жандана түскен.

– Жасыратыны жоқ, ондай келеңсіздіктер болды бізде. Шүкір, қазіргі күнде осындағы қызметкерлердің, тәрбиеленушілердің, ата-аналардың да көңіл-күйлері қалпында.  Қысылып, қымтырылмай бүлдіршіндерді қабылдай алатын қалдеміз, — деді Ләззат Тұрысбекқызы.

«Айналайын» балабақшасы осыдан жарты жыл бұрын бұл салада тәжірибесі мол, өз ісінің білгір маманы М.Аманбаева ханымның қолына өткен. 20 жыл педагогикалық қызметінің он алты жылын балабақша саласына арнаған педагог-психолог Мәдина Ақанқызы сүйікті мамандығына білек сыбана кіріскен. Ол әуел бастан ғимараттың ішкі және сыртқы бейнесін қалпына келтіруді қолға алды. Реңі қашқан ағаштарды кесіп, орнына отызға жуық ақ қайың, шырша, т.б. отырғызды, ауланы қоқыстан тазартып, гүлзарлар екті. Қиюы қашып, тозығы жеткен қоршаудың бет-бейнесін өзгертті. Бұдан соң ішкі жөндеу, жаңарту жұмыстарына кірісті. Қысқасы, ғимараттың іші мен сыртын көңіл көншітерлік көрініске келтірді. Бүгін оған жұртшылық куә, оның еңбегіне дән риза. Ол жөндеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, терезе-перделерін, төсек-орын жабдықтарын жаңартқан. Бұл дәлелді деректерді ата-аналар да растап, ризашылықтарын білдіруде. Қазір мұнда 80 бала тәрбиеленуде. Олар төрт топқа бөлінген. Оның үшеуі қазақ тілді, біреуі орыс тілді топ.Аз-кем уақытта біраз шаруаның басын қайырған  балабақша меңгерушісі барлық шығынды өзі көтерген.

–       Шынын айтсам, еш жақтан жәрдем сұрамадым. Бар мақсатым – өз міндетіме үлкен жауапкершілікпен кірістім. Қаражат қарастыру ойыма да келген жоқ, өз күшіммен қолға алдым. Бірақ мен оған еш өкінбеймін. Бүлдіршіндер періште ғой. Оларға жұмсаған күш-жігерім далаға кетпейтініне сенімдімін, – дейді Мәдина Ақанқызы.

Сағыныш Медетбекова, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.