ҚАРУМЕН ДЕ, ҚАЛАММЕН ДЕ

0

Міне, бір аттасақ Жеңістің 80 жылдығы келіп тұр. Елу миллион адамның өмірін жалмаған сұрапыл соғыстың  соңғы сарбаздары өмірден озғалы да айлар өтіп, жылдарға ұласуда. Соғыс аяқталған жылы туып сол қуаныштың құрметіне «Жеңіс», «Жеңісгүл», «Жеңісхан» аталғандардың өзі ендігі самай шашы түсіп, сақал-мұрты қуарған   ақсақалдық жасқа жетіпті. Бірақ,   қоғам қаншама өзгеріп, дәуір жаңарғанмен сондағы жеңіске жеткізген  майдан даласындағы әскерлердің көзсіз ерлігі мен тыл адамдарының жанқиярлық еңбегі  еш ұмытылмақ емес.

Соғыста қолына қару алғандардың қатарында «қырықүйлік» Керімқұл Нұрабайұлы Момаханов та болған. Ол  жаумен бетпе бет ұрыстарда даңқты бабасы Өтеген батырдың  ұрпақтарына тән қажыр қайрат көрсеткені анық. Оған майдан даласынан тағып қайтқан самсаған орден, медальдары дәлел. Керімқұл соғысқа жан-жақты толысқан жиырма жасында аттанды. Балалық шағы Масаншыдағы балалар үйінде өтті. Сонда сауат ашып, оң-солын  танып ерте есейгендердің қатарында еді. Оларда балалық шақ болған жоқ. Он екі-он үш жасында ашаршылық нәубетін көзімен көріп, тәнімен сезінді. Ішер ас пен киер киімге жарымаумен күндер өтіп жатты.  Қарманып жүріп Қасықтағы жетіжылдық мектепті бітірді, тырбанып жүріп  еті тірілігімен  колхозда есепші, бригадирдің көмекшісі болып мал фермалары мен егіс далаларын жаяу аралап  еңбекке араласты.

Сөйтіп жүргенде өмірдің астан-кестеңін шығарып соғыс басталды. Алдымен ағасы Әрін майданға аттанды. Ол алғашқы күндерде-ақ нағыз қан қасаптың ордасы Брестке  түсіп, ғайыптан аман қалыпты. Керімқұлға да оңай тимеген. Соғыстың бастапқы айларында қару-жарақ, оқ-дәрі тапшы, үш адамға бір мылтық берілген. Оны иелену үшін  алдыңғы екеуінің  оққа ұшуын күткендей сұрапыл  жағдай еді. Керімқұл алғашында «Смерш»   бөліміне түсіпті. Соғысып жатқан өз әскерлерін сыртынан бақылаушы ерекше бөлімнің жауынгерлері қолын көтеріп жауға берілмек болғандар мен қаруын тастап кері қашқандарды атуға құқылы болған. Осылай жауға емес, өз адамдарыңа қару кезенудің  сұмдығын да көріпті ол.  Кіші сержант К.Момаханов кейіннен басқа бөлімге ауысып, зеңбірекшілер есепшотында Украина, Белоруссия, Польша майдандарына қатысып, Жеңіс күнін Шығыс Пруссияның Кенигсберг қаласында қарсы алған.  «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік үлесі үшін», «Киевті қорғағаны үшін», «Кенигсбергті шабуылдап алуға қатысқаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдері мен ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені оның жорық жолдарының ізіндей.

Жауынгер Момахановтың тағы бір қыры ақындығы еді. Оқ пен өрттің ортасында кезекті бір шабуылдан кейінгі  дамылдау сәттерінде окоп түбінде отырып, қойын қалтасынан хат жазуға сарымайдай сақтап жүрген  тілдей қағазды шығаратын. Оны тізесіне қойып сия қарындашпен туған елге деген сағынышын өлеңдете өріп  бастайтын-ды. Мәселен,  «Майданнан хат» деген өлең хатында:

«Бұл сәлем Европа даласынан,

Польшаның Гродно қаласынан.

Фашистің алғы шебін бұзып жүрген

Қазақтың ер көңілді баласынан.

Туған ел, саған сәлем ер балаңнан,

 Бізді ойлап күні-түні болма алаң.

Еңбек ет еселенген, Отан үшін

Әрбір дән оқ болмақшы жауға

атылған»

деген жолдар бар. Немесе:

«Балтық пенен Қара теңіз арасы,

Өртке толды Европаның даласы.

Қайғы шегіп, дақ түспеген жүрек

жоқ

Қанды ауамен дем алды адам баласы» — дегені  ұйқас қуған әуесқойдың емес, көркемдігімен өлең табиғатын шынайы сезінетін жанның қаламынан туғандай. Кейіннен оның  ақынжандығы, сөз өнеріне деген ішкі   құмарлығы  үдей түсіп,  аудандық газеттің бетін бермейтін қоғамдық тілшіге айналатыны ендігі  әңгіме.

Жеңімпаз жауынгер К.Момаханов елге оралысымен бейбіт еңбекке бел шеше кірісіп кетті. Соғыс титықтатқан колхоз өндірісінде  ол қай істі қолға алса да жапыра жайғап, тындыра орындайтынымен көзге ілікті. Білімін жетілдіруді ойлап 1955 жылы Шымкент Ауылшаруашылығы техникумының колхоз басшыларын даярлайтын бөліміне түседі. Оны  үш жылда агроном мамандығы бойынша бітіріп келіп, біраз жыл Роза Люксембург атындағы кеңшар директорының орынбасары болып қызмет атқарады.   Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында туған ауылына оралып он жылға тарта Черная речка ауылдық кеңесінің төрағасы болыпты. Бірнеше шақырылым ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған.  Одан кейін қой фермасына меңгеруші, есепші болып, зейнетке шыққаннан кейін де бірер жыл шалғай қоныстанған малшыларға пошта таратып жүріпті.  Соғыс зардабынан жаны мен тәні қатар қажып ертелеу бақилық болған   майдангердің бізге белгілі өмір жолы осылай. Оның қан майданнан тағып келген наградалары қатарына ұзақ жылдарғы қажырлы еңбегі үшін 1982 жылы ССРО Жоғарғы Советі Президиумының «Еңбек ардагері» медалі, көптеген мерейтойлық төсбелгілер қосылды. Бүгінде атадан қалған сол  мұраға – мереке сайын омырауын толтыра тағып шығатын төсбелгілері мен жан сезімі тербеліп көңілін толқытқанда шығарған өлеңдеріне бала-шағасы, немере шөберелері иелік етіп, бойтұмардай қастерлеп келеді.

Бала-шаға дегенде, К.Момаханов 1948 жылы зайыбы Гүлжамалмен отау құрып, Арман, Бақыт, Айгүл, Сүйімқұл   деген ұл-қыздарын өмірге әкелген. Әйелі де белсенді колхозшы — фермада сиыр сауып, бұзау бағумен, егіншілікте темекі, қызылша өсірумен бел талдыра жүріп, үйде балаларының бас-аяғына қарап, тәрбиесіне де уақыт таба білетін біртоға жан еді.  Қазір балаларының әрқайсысы өз алдына жеке шаңырақта, өздері ата-әже атана бастаған. Қарасудағы қара шаңырақтың иесі Бақыт Момаханов болса әкесінің жетпеген жасынан асып, биыл күзде жетпісті еңсермек. Зейнетке шыққалы Өтеген ауылының, қазір Қарасу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.  Осы Бақыттың бір ұлы Нияз  майдангер атасының соғыста жүріп жазған, кейін бейбіт күнде қаламынан туған өлеңдерін жинақтап компьютермен беттеп кітапша құрастырыпты. Ал, қызы Назгүл болса мектеп бітірер шағында «Атам үшін мақтанамын!» деген эссе жазған екен. Ондағы: «Менің атам Отанын жаудан қорғаған батыр, ақын жүректі, сергек сезімді жан болған. Өмірі бізге үлгі-өнеге. Біз оны ұмытпаймыз, мақтан етеміз!» — деген жолдар бала күнінде мейірімін аямай төккен  атасына деген перзенттік сағынышын, құрметін білдіріп тұрғандай.

Майдангерден қалған тағы бір папка оның  өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде жарияланған  мақалаларынан  құралыпты.  1967 жылы 4 мамырда  баспасөз күніне орай  жарық көрген газет қызметкері Мақан Боқаевтың «Тілші» деген мақаласында Момаханов туралы: «Тілші – қоғамдық пікірдің командирі деп тегін айтылмаған. Осы деңгейде көптен бері көрініп келе жатқандардың бірі – біздің Керімқұл Момаханов.  Керімқұл – Черная речка селолық советі атқару комитетінің председателі болып істейді. Ол өзінің осы жауапты қызметінде жүріп-ақ аудандық газетке мақалалар жазуға уақыт таба біледі. Оның қаламынан шыққан әрбір хабар, мақала, суреттеме оқушы сезімін қозғап , жүрек сырын шерткендей» — деп баға берген.  Шынында да, әлгі папкіге тігілген сарғайған газет қиындыларының «Шопан межесі», «Өмірі ерлікке толы», «Балкар қызы», «Қыстан қысылмайды», «Депутаттар басқарған звеноларда», «Телефон түбіндегі түңілу»  т.б. тақырыптарына қарап-ақ қоғамдық тілшінің  әртүрлі тақырыптарды қамтып, еңбек көрігін қыздырып жүрген жерлестерінің өмірін көрсетумен қатар, сындарлы сынға да қалам тартқанын көреміз. Сондай-ақ, көптеген өлеңдері де жарияланыпты. Сөйтіп, өткен жылы ғана тоқсан жылдығы тойланған «Қордай шамшырағының» тарихи шежіресінде  майдангер Момахановтың да өзіндік қолтаңбасы қалған.  Шүкір, өзі жоқ болса да артында хатқа түскен сөзі, рухын қастерлеп  еске алатын ұрпағы бар.  «Бір адам жоқ болса да бардай, бір адам бар болса да жоқтай» деген сөз осындайда айтылған емес пе?!

Құрманбек Әлімжан

Leave A Reply

Your email address will not be published.