Жақсылыққа қайырымдылықпен жауап беру әр жанның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы мұқтаждарға мейірімділік пен ізгілік, достыққа адалдық таныту – адамгершіліктің белгісі болса, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет. Ендеше, сөзіңнен емес ісіңнен, жүрегіңді жарып шығатын қайырлы іс қашанда сауапқа толы.
Осындай сауапты істердің ауданымызда арта түсуі көңіл қуантады. Соңғы жылдары жаны жайсаң, жүрегі жомарт жандардың көмегімен қаншама мұқтаж отбасылар баспаналы болудың бақытын сезінді. Ал, жақында Қордай ауылының тұрғыны, 7 баланың анасы Айман Асқарға 5 бөлмелі үйдің кілті берілді. Үй Алматы қаласының «Асар уме» қайырымдылық қорының көмегімен сатып алынды. Аталмыш қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаев көпбалалы анаға үйдің кілтін табыстап, ізгі тілектерін жеткізді.
Осыған дейін пәтерден-пәтерге көшіп жүретін отбасы үшін бұл керемет тосын сый болды. 5 бөлмелі үйден бөлек жанында жазғы асүйі бар, барлық жағдайы жасалған. Баспаналы болғандар игі іске атсалысқан жомарт азаматтарға алғысын айтып, қуаныштарына сене алар емес.