КӨРКЕМАЙДЫҢ КӨРКЕМ ДҮНИЕСІ

0

Қазақтың ұлттық киімдері өзінің көз тартарлық әсемдігімен, ою-өрнегімен, сәнділігімен ерекшеленіп тұратыны сөзсіз. Қазақы киімнің әрбір бөлшегінде, әрбір ою-өрнегінде халқымыздың тарихының, салт-санасының көрінісі жатыр. Сондықтан да болар ол осы күнге дейін бағаланып, қадір-қасиетін жоймай келеді.

Осындай ұлттық құндылығымыздың шырағын сөндірмей, бүгінгі заманға сай етіп жаңғыртып көпшіліктің назарына ұсынып жүрген жастардың бірі – Көркемай Балтабай. Бетқайнар ауылының тұрғыны балаларға арналған ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысады. Он саусағынан өнер тамған арудың бұл іспен айналысқанына бір жылға жуықтаған.

«Мен кішкентай кезімнен тігіншілікке қызығатынмын. Қуыршақтарыма түрлі көйлектер тігіп, өскенде дизайнер болсам, жеке бренд қалыптастырсам деп армандаушы ем. 9-сыныптан кейін Тараз сервис және технология колледжіне «Тігін ісі» мамандығына оқуға түстім. Білім ордасында нағыз өз ісінің шеберлерінен тәлім алдық. Солардың бірі – Жанар Тельжанова деген ұстазым еді. Сол кісіден тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп, көп тәріжире жинадым. Оқуды бітіргеннен кейін №7 Бетқайнар колледжіне тігінші болып жұмысқа орналастым. Кейін тұрмыс құрып, декреттік демалысқа шықтым. Декреттік демалыс қазір көптеген қыз-келіншектер үшін жаңа мүмкіндіктерге жетуге, жаңа кәсіп бастауға жол ашатын ерекше кезең ғой. Мен үшін де солай болды. Тігу қолымнан келеді, бірақ не тігем, деп ұзақ ойлана келе, біздің аудан тұрғындарының сұранысын зерттей келе, балаларға арналған ұлттық киімдерге тоқталдым»,-дейді Көркемай.

20 жасар ару тігін ісіндегі бағытын таңдаудан қателеспеді де. Өйткені, қазір балалар ұлттық киіміне деген сұраныс жоғары. Аудан тұрғындарының көпшілігі ұл-қызына тұсау кесер той жасаса, балабақша, мектептердегі іс-шараларға, әсіресе Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық нақыштағы киім іздей бастайды. Әр ата-ана баласына жарасымды әрі сапалы киім кигізгісі келеді. Бұрын қордайлықтар мұндай талаптарға сай келетін киімдерді алыс қалалардан алдыратын болса, енді өзіміздің ауданнан-ақ тапсырыс бере алатын болды. Көркемай Қуандыққызы қажетті өлшемдерді алып, баланың «үстіне құйып қойғандай» көркем киімдерді аз уақыттың ішінде дайындап береді. «Көбіне бір жас тұсау кесер тойларға тапсырыс түседі. Қыз балаларға тақия мен камзол, ұл балаларға ою-өрнек салынған костюм-шалбар тігемін. Бір костюмді шамамен екі күнде дайындап бітіремін. Велюр, бархат маталарын қолданамын. Матаны Бішкектен алып келемін»,- деп бөлісті кейіпкеріміз.

Жас кәсіпкер киімдерін «national korkem» брендімен шығаруда. Туындылары өте сәтті шыққан. Қараған жанның көзін тойдырарлықтай әсем-ақ. Көркемайдың алға қойған мақсаты ауқымды. Қазір үйінде тапсырыс қабылдап жүрген ол болашақта тігін цехын ашуды қалайды, қазақтың ою-өрнегі бар киімдерді әлем жұртшылығы киіп жүрсе деп армандайды. «Қазағымыздың өнері, ұлттық киімі, дәстүрі ұмытылмас үшін бар ынтаммен әдемі дүниелер жасауға, ертеден келе жатқан оюларды қазіргі заманауи сән үлгісімен үйлестіріп, жас буынға ұнайтындай етіп шығаруға тырысамын. Өйткені халқымыздың төл мәдениеті ұмыт қалмауы тиіс»,- дейді жас сәнгер.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.