КЕНЕН АУЫЛЫНДА ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

0

Әлемдегі №1 спорт түрі саналатын футбол ойынына құмар жандар ауданымызда жетерлік. Солардың ішінде Кенен ауылын ерекше атап өтуге болады. Кәсіби тұрғыда дайындалмаса да аудандық, облыстық деңгейде өткен жарыстарда жүлдесіз қалмайтын ауылдың аяқдопшылары туралы республикалық арналарда «Ауыл спорты» айдары бойынша талай рет көрермен назарына ұсынылған болатын. Футболға құмар ауылдың тек барлық талапқа сай ойын алаңшасының болмауы доп тебуге жігерлі қарадомалақтарға ешқашан кедергі болған емес. Жақында бұл олқылықтың да орны толды. Кенен ауылында шағын футбол алаңшасы ашылды. «2022 – Балалар жылы» аясында және биыл ұзақ жылдардан соң Президент пәрменімен қайта келген Республика күні қарсаңында алаңшаның ашылу салтанаты өтті. Аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мерзімінде мердігерлер аяқтап берген алаңша барлық талапқа сай. Ашылу салтанатында сөз алған ауыл әкімі Нүркен Жаманкөзев осындай қуанышты күні жерлестеріне құтты болсын айтып, ізгі тілегін жеткізсе, ауыл ақсақалы Жамбыл Сатыбалдиев ақ батасын берді. Дәстүрлі лента қию рәсімінен кейін жастар арасында шағын футболдан жарыс өтті. 10 команда бақ сынаған бәсекеде Кенен ауылының құрама командасы жүлделі І орынды жеңіп алса, қордайлық жігіттер ІІ орынды қанжығаға байлады, ал Отар ауылының аяқдопшылары ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаз командарларға ауыл азаматтарының қаржылық демеушілігімен сыйлықтары берілсе, ауыл әкімдігі үздік ойыншыларды грамоталармен марапаттап, сыйлықтарын ұсынды.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.