КЕНЕННІҢ ҚЫЗЫЛТАУДАҒЫ ҒАСЫРТОЙЫ немесе «Ойжайлау» ансамблі қалай құрылды?

0

Ғұмыр құбылысы, замана тынысы мен табиғат тылсымын жүрегімен сезіну әр адам үшін әрқалай. Оны өнер адамының сезінуі тіпті бөлекше. Олар үшін қамыс пен қурай сабағының желге тербетілген құлаққа жағымды ызыңы, шеңгелдің қураған қауашағының қоңыраулы үні де сызылған әсем
әуен болып естіледі. Өнер қайраткері, новатор-педагог, өне бойы өнер тұнған Әуесбай Бақбергенұлы ағамызға бұл әсем әуен
жетіп артылатындай тумысынан дарыған.

Әуесбай ағамызбен мәдениет саласының ғұмыр дариясын қатар кешіп, заманның ортақ көшінде еңбегіміз жанды. Әрі бір өңірдің түлегі ретінде сарқып ішкен өнер суатымыз да ортақ. Мен қызмет бабымыздың алғашқы жылдарында Луговой аудандық автоклуб меңгерушісі, мәдениет үйінің директоры болып еңбектендім. Әуес ағамыз 1982 жылдың 9 қарашасында Красногор ауданы мәдениет бөлімінің басшылығына келді. Ауданның сала басшылығына келгенде Әуесбай Бақбергенұлы отызға да толмаған жас жігіт еді. Соған қарамастан ол өзін іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, кәсіби деңгейі жоғары білікті маман ретінде таныта білді. Жаңадан ашылған ауданда әдетте кадр тапшылығы өз алдына, қызметкерлердің әлеуметтік мәселесі кесе көлденеңдеп шығатыны белгілі. Жалақы мардымсыздығы, баспананың түйткілі, кадр біліктілігінің төмендігі – Әуес ағамыздың қызметке келе сала білек сыбана шешуге кіріскен мәселесі осы болды. Қажымас қайраты мен талапшыл жігерінің және ең алдымен сол кездегі аудан басшылары Әлмұхан Исақов пен Саттар Жанәбіловтей қайраткер азаматтардың қолдауы арқасында көптеген күрмеудің түйіні шешіліп сала берді.
Бұрынғы Красногор ауданы Кенен Әзірбаев атамыздай әйгілі жыр сүлейі туып-өскен мекен. Халықтың арасында қай дарын да өз топырағына тартады деген ұғым бар. Шындығы сол, Кенекеңнің әнін тыңдаған адамның көз алдына әйгілі Сұлутөр биігінің көкорай шалғын көкмайса көркем келбеті, Отар даласын желіп өткен желмая самалы, Қордайдың бұйрат жоталарының адуын аптабынан кейін ақнұр саумалап қоя беретін айлы түні, Ұзынсу, Кіндіктастың асау ағыстары елестеп қоя береді. Красногор алғаш рет өз алдына отау құрып, аудан боп құрылған 1935 жылы Кенекең:
Аудан боп құрылдың колхозды елім,
Орталығың Сұлутөр асқар белім.
Қызылтау деп атадық есіміңді,
Құт болғайсың мекені туған елдің., – деп әнімен шашу шашқан екен. Мақаламыздың тақырыбындағы Қызылтау атауын да Кенен атамыздың жырына сәйкес қойғанымыздың мәнісі осы. Әттеген-айы сол, Кеңес заманында жаппай жүрген оңтайландыру шарасы салдарынан Красногор ауданы жабылып қалып, 1974 жылы қайта ашылады. Бір ашылып, бір жабылған ауданның қуанышына орай Кенен ақын лебізді тілегін бұл жолы өлеңмен былайша өрнектеген екен:
Балалар өз төбесін тауым десін,
Тауына ырыс келсін, жауын келсін.
Ойыңда егін өсіп, қырда малың,
Красногор даңқың қайта дәуірлесін».
Сол даңқы қайта дәуірлеген ауданда 1984 жылы Кенен атамыздың 100 жылдық торқалы тойы республика ауқымында дүркіреп өтті. Ауданның ғана емес, жалпы облыстың, тұтастай алғанда ел мерейін асырған дүбірлі тойды ұйымдастыруға аудан, облыс, аудан, республика басшылары да тегіс атсалысты. Солардың арасында елдік тойды қамдау ісіне араласу Красногордың мәдениетіне жауапты Әуесбай Бақбергенұлының да бағына бұйырған екен. Аудандық сала басшысы жан-жақтан – Алматыдан балетмейстер шақырып, облыс орталығы Жамбылдан мықты өнерпаздар тартып, Красногор мәдениетінің шырайы кірді. Мәдениет саласы басшысы Әукең Алматыда таныстары көп Мұхтар Рахманқұлов досын араға салып, тойдың сахналық көрінісінің сценарийін әзірлеу үшін атағы дүрілдеп тұрған «Тамашаның» режиссері Лұқпан Есеновты шақырды. Ауданда 100 жылдыққа орай атқарылған мәдени шаруаның тағы бірпарасы туралы 1984 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұхан Исақов облыстық «Еңбек туы» газетінің №184 санында жазған:
«…1983 жылы музей (Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музей) қайта жөнделді. Этнографиялық экспонаттардың және Кенекеңнің өмірі мен творчествосына байланысты басқа да ұйымдардың көптігіне орай колхоздың күшімен музей жанынан кино мен көрме залы бар үй салынады. Сол жылы облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты қаулы қабылдаған еді. Міне, сол уақыттан бастап осы бағытта сан салалы қызу жұмыстар жүзеге асты. Ақын, композитор, әрі орындаушының творчествосын насихаттауға зор көңіл бөлінді. Аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблі репертуарының бір бөлігі түгелдей Кенен туындыларынан тұрады, олар көптеген колхоз-совхоздарға сапар шекті. Сондай-ақ, республикалық теледидардан өнер көрсетті. Мұнымен бірге ауданымызда Кенен әндерін орындаушылар конкурсын ұйымдастыру өнегелі дәстүрге айналды.
…Кенекеңнің туғанына 100 толуы құрметі қарсаңында аудан еңбекшілерінің серпілісі ерекше болды. Кенен селосын көріктендіруде де көп жұмыстар атқарылды. Музей паркінің айналасында автотранспорт тұратын бірнеше алаңдар салынды, орталық көшелерге асфальт төселді, олардың бойына ағаш қоршаулар тұрғызылып, су құбырлары қалпына келтірілді, селоның электр жүйесі қайта жөнделді, барлық көшелерге түгелдей жарық орнатылды. Осыдан он жыл бұрын салынған Мәдениет үйі бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізіліп, көрнекі құралдар жаңартылды.
К.Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған ұланасыр той ауылдан 4 шақырым жердегі тау бөктерінде өткізіледі. Міне, осы жерге дейінгі тас жол салынды, тойдың барлық шарасы өтетін бұл орынға бір мың адамға арналған орындық, электр жарығы, уақытша қоғамдық тамақтандыру жүйелері орнатылып, радио торабымен қамтамасыз етілді. Бұл аталған жұмыстардың барлығы айтар ауызға ғана оңай».
Расында да 38 жыл бұрын болған көл-көсір тойдың ауқымының аса кең болғанын осы мақалада келтірілген мол деректен аңғару қиын емес. Қазақтың қайраткер ұлы, кезінде бірнеше аудан, облыс басшылығында болған асқар бел азамат Әлмұхан аға Исақов күндіз-түні шаршауды білмей, Красногордағы Кенен тойының өтуіне аса зор үлес қосты. Ауданда сол уақытта атқарылған мәдени-көпшілік шаруаның ауыр жүгін сала басшысы Әуесбай Бақбергенұлы да белі қайыспай көтеріп, Әлмұхан ағасының оң қолы боп, аянбастан тер төкті. Әсіресе, ауыз толтырып айтар жұмыстың үлкені – мақалада айтылған «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблінің құрылуы ауданның рухани өміріндегі айтулы оқиға болды. Кезінде республикалық «Лениншіл жас» газетінде (қазіргі «Жас алаш» авт.) Красногор аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұхан Исақов өз мақаласында «Ойжайлау» ансамблі туралы былай жазған екен: «Екі жыл бұрын талапты, талантты жастарды жиып, фольклорлық ансамбль құрдық. Оның репертуарының дені Кенен әндерінен тұрады. Атын «Ойжайлау» қойдық. Ансамбль ауданымыздың барлық дерлік елді мекендерінде болып, концерт беріп тұрады. Қазақ телевизиясы арқылы оның өнерін республика жұртшылығы да тамашалап жүр» («Елінің желі жұпар, қоңыр салқын», «Лениншіл жас», 24 маусым 1984 ж.).
1982 жылдың 9 қарашасында Красногорға қызметке келе салып Әукең фольклорлық өнер ұжымын құру мақсатында облысымыздың әр қиырынан талантты жастарды тартуға бел шеше кіріседі. Өйткені, аудан басшылығының Әукеңе ең алдыңғы қойған тапсырма осы болды. Сол талап дем беріп, Жамбыл қаласынан үзеңгілес досы, майталман музыкант, композитор Мұхтар Рахманқұловты Красногорға шақырды. Бүгінде Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, елімізге танымал өнер иесі Мұхтар Рахманқұлов облыстық «Aq jol» газетінің 2021 жылдың 22 сәуіріндегі санында Красногорда өткен шығармашыл күндер туралы еске алады:
«1982 жылы сол кездегі Красногор ауданының мәдениет бөлімінің басшылығына кадр керек болды. Жаңадан құрылған ауданда маман тапшы кезі. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұқан Исақ ағамызға ел азаматы Саттар Жанәбілов бұл қызметке лайық деп орда бұзар шағындағы дүр жігіт Әуесбайды ұсынды. Саттар аға – аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы. Партия қатарында жоқ, әрі педучилищеде қатардағы оқытушы болып жүрген азаматты бір ауданның мәдениет саласының басшысы етіп тағайындап жіберу – ол кезде ерлікпен пара-пар іс. Жас басшы ағалар сенімінің үдесінен шыға білді. 1984 жылы ауданда мәдениет саласын басқарып тұрғанда халық мақтанышы, ақын, әнші-сазгер Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығы дүрілдеп-дүркіреп өтті. Мерейтойға орай Әуесбай досым «Ой, жайлау» фольклорлық ансамблін құрып, өзі соның құрамында өнер көрсетіп, баян аспабында шырқады. Ұжым республикаға танымал болып, орталық Қазақ телевизиясында 45 минуттық концерттік бағдарламасын да берді. «Ой, жайлау» ансамблін екеуіміз бірігіп, Красногорда бір ай жатып, бірге дайындағанымызды қазір сағынышпен еске аламын. Республикамыздың мәдени өміріндегі айтулы іс-шараға арнайы келген сол кездегі мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаев, Жәнібек Кәрменов сынды көрнекті руханият өкілдері жоғары бағасын беріп еді».
Осы мақалада айтылған алаштың елтұтқа азаматтары Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменов Красногорға кеп, қазақ телевизиясы үшін ән-сұхбат хабарының бір санын Кенен әндеріне арнағаны белгілі. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады». Ақын Жарасқан Әбдіраштың айтқан достық әзілі қазақтың қос алыбы Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменов екеуі қазақ теледидарында осы ән-сұхбатты жүргізіп, эфирге шыққан кезінде айтылғаны белгілі. Ұлттық музыканың, халықтың жыр қазынасын насихаттаған бұл хабар қазақ телевизиясының алтын қорына жазылған ерекше құбылыс болды. Красногорда түсірілген ән-сұхбат бағдарламасы бүгінде «Қазақстан» телеарнасының бейнеқорында сақтаулы.
Әуес ағамыздың өз естелігіне сүйенсек, «Ойжайлау» фольклорлық ансамбль құрамында 15 шақты адам болған екен: «Аудан басшысы Әлмұхан ағамыздың тапсырмасы бойынша өнер ұжымын 1982 жылдың аяғында жинай бастадым. 1983 жылдан бастап, тұрақты жиналып, репетиция жасауға дағдыландық. Ансамбльдің 90 пайыздайы Кенен ауылының талантты жастары болатын. Олардың арасында қазіргі танымал әнші, әйгілі «Музарт» тобының экс-солисі Мақсат Базарбаевтың әкесі Совет Базарбаев домбырада ойнады. Дарынды өнерпаз, мәдениет саласының озаты Серікжан Әбітбеков ансамбль құрамында шаңқобызшы және домбырашы болды. Қазақтың жас талантты қыз-жігіттері Кенен ауылындағы мәдениет үйінде жиналып, ансамбльдің репетициясын жасайтынбыз. Ол кезде аудан орталығы Отар болса да мәдениет үйі Кенен ауылында еді. Аудан орталығы Отар мен Кенен ауылының арасы 20 шақырымдай еді. Аудан орталығынан Кенен ауылына жиі қатынап, концерттерге дайындалатын кездер қазір өткен күннің тәтті елесіндей сағынышқа айналды», — дейді Әукең.
Өткеніңді білмей, бүгініңді танымай, болашағыңды болжай алмайсың. Өмірдің түрлі өткелінде халық руханияты мұрасының небір асылдары дәріптеліп жатқаны дәтке қуат. Красногордағы жүзжылдықтан кейін араға жылдар салып, жүз он, жүз жиырма, жүз отыз жылдығы да республика деңгейінде сән-салтанатымен аталып өтті. Алайда басқасы басқа, дәл осы жүз жылдық мерейтойдың тарихтағы орны ерекше. Өйткені, бұл ғасыртой Кенен атамыздың өзі Қызылтау атаған туып-өскен өңірі Красногорда тұңғыш рет республика көлемінде өткен болатын. Жыр сүлейі «даңқың қайта дәуірлесін» деп жырлаған аудан өкінішке қарай, 1988 жылы жабылып, Қордай ауданының құрамына енді.
Кейінгі тойлар осы Қордай ауданы құрамында да өтіп келді.
Красногор жабылса да жоқ ауданның жұрнағындай болған «Ойжайлау» ансамблі әлі күнге Кенен атамыздың мәңгілік рухты жырлары сияқты халқымен бірге жасасып келеді. Ансамбльдің кейінгі даму, қалыптасу жылдарына Серікжан Әбітбеков, Күмісай Сәрсенбаева сияқты өнер майталмандарының сіңірген еңбегі өте зор. Жыл соңы Кенен атамыздың әндерін күллі елге насихаттаған әйгілі ансамбльге 40 жыл толады екен. Қамал алар қырықтағы ансамбль музыканттарының содан бері бірнеше буыны ауысты. «Ойжайлау» бүгінде өсіп-өнген, тамырын тереңге жайған өзіндік тарихы бар іргелі өнер ұжымына айналып, облыс, республика көлемінде жақсы аты шартарапты шарлап жүр.
2019 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы кезімде «Көне Тараз күмбірі» І облыстық фольклорлық ансамбльдер конкурсы өзімнің тікелей ұйымдастыруыммен өтіп еді. Сол жолы Жамбыл облысының барлық ауданынан келген өнер ұжымдары өз репертуарларын көрерменге кеңінен таныстырып, қазылар алқасының талқысына салуға зор мүмкіндік алды. Жұлдызы жарқырап, жүлдеге іліккендер арасында Қордайдан келген «Ойжайлау» халықтық фольклорлық ансамблінің дипломант атанғаны есте.
Бұдан 40 жыл бұрын Әлмұхан Исақов, Саттар Жанәбіловтей ел азаматтары қолдап, Әуесбай Бақбергенұлы ағамыз негізін қалаған ұжымның өнер өресіндегі шығар бел-асуы бұдан да биік болғай деп тілеймін. Кенен атамыздың ғасыртойында қазақ телевизиясы арқылы ел ауқымында дүркіреген даңқты «Ойжайлауды» оның бүгінгі жетекшісі Ақбаян Битешова қарындасым да шығармашылықтың ұшпағына шығарары шүбәсіз. Биыл жыл аяғында құрылғанына қырық жыл толатын өнер ұжымының мерейтойы аудан, облыс көлемінде елеусіз-ескерусіз қап кетпесе игі деген де тілек бар.

Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері
«Құрмет» ордені иегері

Leave A Reply

Your email address will not be published.