КИБЕРШАБУЫЛДАР КЕСІРІ ИНТЕРНЕТКЕ ТИДІ

0

Кейінгі уақытта жұрт жаппай интернет сапасының нашарлағанына шағымданып жатқаны бәріне белгілі. Соңғы 1-2 айдың шамасында мұны анық байқап жүрміз. Әйткенмен, салаға жауаптылар мұның нақты себебін дөп басып айта алмай келеді. Бірде шетелден алатын трафикті, келесіде интернет бағандарының азын айыптады. Таяуда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернеттің нашарлауына байланысты тосын жайтты хабарлады.

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АЛАҢДАТАДЫ
Сонымен, ведомство басшысы интернеттің нашарлауын кибершабуылдарға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстармен байланыстырды. Оның айтуынша, қыркүйек айының соңында Қазнетке кибершабуыл жасалғаны белгілі. Қазір осындай кибершабуылдарға төтеп беру үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Сол үшін жағдайды түзету керек. Интернетке қатысты проблеманың туындап отырғаны да осы себептен екен. Мусиннің айтуынша, бұның бәрі мемлекеттік органдардың интернет ресурстарын ғана емес, бүкіл қазақстандық инфрақұрылымды сақтап қалу үшін жасалып жатқан шаралар.
«Мемлекеттік инфрқұрылымға ғана емес, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары сайттарына да шабуыл жасалды. Сол себепті осындай кибершабуылдарды болдырмау үшін ақпараттық қауіпсіздіктің деңгейін арттыру қажет», – дейді министр.
Мусин егер кибершабуыл көбейіп кетсе, инфрақұрылым құрып, мүлде жұмыс істемей қалуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан сәл күту керек. Сөз арасында ол «қазір интернет қазақстандықтарда қалай ұстаса, менде де солай ұстайды» дегенді айтып қалды. Министр ең бастысы интернеттің жұмыс істеп тұрғанын көңілге медеу етіпті.
Қай ақпаратты негізге алған?
Бұдан соң біз кибершабуыл мәселесіне тереңдеуді жөн көріп, ақпараттың шынайылығын білгіміз келді. Кибершабуылды кімдер, қай арна арқылы қандай жолмен жасап жатқанына, не мақсаты барына үңілуге ұмтылдық. Әуелі Цифрлық даму министрлігімен хабарласқан болатынбыз. Ведомствоның баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады, алайда министр Мемлекет техникалық қызметтің деректеріне жүгінгенін айтып, соларға сілтеді.
Бұл Қызмет осыған дейін де мемлекеттік органдардың, ақпарат құралдарының сайтына көптеген шабуыл болғанын мәлімдегені есімізде еді. Шамасы, шабуылдар одан әрі күшейген іспетті.

20 МЛН КИБЕРШАБУЫЛДЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛГЕН
Мемлекеттік техникалық қызметтің баспасөз орталығы бізге биылғы қыркүйектен қазанға дейінгі 1 айдың өзінде 20 миллион кибершабуылды тойтарғандарын айтты. «Киберқалқан» кешенінің қорғау құралдарымен кибершабуылдарды тойтару бойынша жұмыстар әлі жүргізілуде екен.
«Бүгінде қатерлерді барынша азайту үшін барлық желілік трафикті нақты уақыт режимінде талдау бойынша жұмыстар жүргізіліп, әрбір пакет тексеріліп жатыр. Киберқалқан зиянды трафик пен зиянды бағдарламалық қамтылымдарды сүзгіден өткізіп, ішкі және сыртқы периметрдің шабуылдарына тойтарыс беруде. Бір айдың ішінде ғана шамамен 20 млн кибершабуыл тойтарылды», – дейді Мемлекет техникалық қызметтің баспасөз хатшысы Әсел Әбіқаева.
Ал енді көпшілікті кибершабуылдар не мақсатта ұйымдастырылып отырғаны қызықтыратыны анық. Аталған ұжым шабуылдардың үдеуін Қазақстанда бастау алған сайлау кезеңімен байланыстырыпты. Мұндай шабуылдардың негізгі мақсаты – Қазнет инфрақұрылымының жұмысын жаппай бұзу. Демек, түрлі кибершабуылдар арқылы сыртқы күштер Қазнетті бұзып, жұртты жаппай арандатушылыққа ілестіргісі келеді. Негізі бұл мәселе осыған дейін биік мінберлерден ішінара айтылған болатын.
«Белгілі сыртқы күштер осылайша біздің елімізде тәртіпсіздік туғызуға ниетті. Олар Қазақстандағы оң өзгерістерге кедергі жасамақшы. Алайда біз таңдаған бағытымыздан таймаймыз», – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қызмет DDoS-шабуылдар үшін барлық әлем бойынша бөлініп орналастырылуы мүмкін зақымдалған компьютерлер мен IoT-құрылғылардың ботнеттер деп аталатын желілері пайдаланылғанын атап өтті. Дегенмен қазіргі уақытта «Киберқалқан» күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сайып келгенде, мұның бәрі елдегі интернет сапасының белгілі бір деңгейде нашарлауына соқтырған.
Түйіндей келе айтарымыз, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің Мемлекеттік қызмет деректеріне сүйенген мәлімдемесін жоққа шығара алмаймыз. Бейресми ашық ақпарат көздерінде де осындай деректер бар, жиі айтылып жүр. Сондықтан бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса беретін сыңайын байқадық. Дегенмен салаға жауапты ведомство сонда да мойнына артқан жүктен айнымауы тиіс. Бұл проблеманы есепке алмағанның өзінде, интернет трафиктерін санкцияға ілінбеген елдерден алу, интернет бағандарын құру мәселесі күн тәртібінде тұр. Министрлік бұл жайттарды әлі де болса бір ізге түсірмегенін елеусіз қалдыруға болмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.