ЖАСТАР АТҚАРҒАН ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ

0

Ел болашағы – жастардың қолында екені шындық. Қазіргі таңда кез келген қоғамның дамуы оның жастарының білім алуына, кәсіби тұрғыда өзін-өзі қалыптастыруына тікелей байланысты. Әсіресе, ауыл және аудандарда жастардың әлеуетін тиімді пайдалану – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен өркендеуінің маңызды белесі.

 

Осы тұрғыдан алғанда, Қордай ауданындағы жастар ресурстық орталығының қызметі ерекше мәнге ие болып отыр. Қордай аудандық әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында ауданның жастар ресурстық орталығының алты ай бойы атқарған жұмыстары жан-жақты баяндалды. Жастар мекемесінің есеп беру жиынында аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, түрлі бөлімдердің басшылары, округ әкімдері және белсенді жастар бас қосқан болатын. Бұл кездесудің басты мақсаты – жас буынның әлеуетін анықтап, оны тиімді дамыту үшін атқарылған жұмыстарды жүйелі түрде талдау және алдағы жоспарларды нақтылау.

Аталған орталықтың директоры Айқаныш Исраилованың айтуынша, биылғы жылы «Жастар ресурстық орталығы» КММ жоспарланған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлген. Бұл шаралар жоспарына жастарды кәсіби біліктіліктерімен қамту, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, әлеуметтік қолдау және сан түрлі мотивациялық жобаларды іске асыру сияқты бағыттар кірген. Қордай ауданында жалпы 154 мыңнан астам тұрғын бар болса, олардың 55 мыңнан астамы – жастар, яғни аудан халқынның 35,9 пайызын құрайды. Бұл статистика әрбір үшінші тұрғынның жас екенін көрсетеді. Сонымен қатар, аудан орталығында 13 953 жас болса, ауылдық аймақтарда 41 470 жас өмір сүруде, бұл ауылдағы жастардың көпшілігін білдіреді.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі – ерекше күрделі әрі өзекті мәселе. Аудандық әкімдік пен жастар ресурстық орталығы бұл бағытта «NEET» санатындағы (жұмыс істемейтін, оқуында және оқуда емес жастар) 16-35 жас аралығындағы азаматтарды анықтау және оларды жұмысқа немесе оқуға бағыттау бағытында нақты шаралар қабылдады. Биылдың басында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі бойынша мұндай азаматтардың саны 4 802 деп тіркелген еді. Алайда «Мансап» орталығымен бірлескен адрестік жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 2 281 жасқа азайған. Бұл өз кезегінде жас азаматтардың әлеуметтік бейімделуі, еңбек нарығына араласуы бағытындағы маңызды қадамдар екенін дәлелдейді. Қазіргі уақытта да адрестік жұмыстар тәуелсіз әрі жүйелі түрде жалғасуда.

Орталықтың атқарып жатқан қызметі жастарға кәсіби білім беруден бөлек, олардың әлеуметтік және мәдени дамуына да септігін тигізуде. Бұл жерде ұйымдастырылған шығармашылық кездесулер, спорттық шаралар, тренингтер мен оқыту курстары арқылы жас ұрпақ өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алады. Сол арқылы олар өздерінің болашақтағы мамандықтарын таңдап, қоғамда белсенді азамат болып қалыптасады. Жастардың еңбек нарығына қосылуы ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім және басқа да салаларда жаңа күштердің пайда болуына ықпал етеді. Осы орайда, жергілікті билік және қоғамдық институттар бірлесіп, жастардың кәсіби және әлеуметтік тұрғыда тұрақты дамуын қамтамасыз етуге барынша күш салып отырғаны қуантады.

Қорытындылай келгенде, жастарды қолдау және дамыту – мемлекеттік, жергілікті деңгейдегі басты басымдықтардың бірі екенін тағы бір мәрте айғақтайды. Қордай ауданындағы жастар ресурстық орталығының тәжірибесі – бұл бағытта маңызды әрі жемісті жұмыс көрсетуде. Ел болашағы –жастардың қолында, ал олардың сапалы білім мен жан-жақты қолдауға ие болуы – қоғамның ортақ міндеті!

Leave A Reply

Your email address will not be published.