Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық тірегі, қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін басты құжат. Сондықтан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының жариялануы мен үшін ғана емес, еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды оқиға деп есептеймін.
Жаңа Конституция жобасымен таныса отырып, оның мазмұнында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әділетті қоғам құруға және мемлекеттілікті нығайтуға ерекше көңіл бөлінгенін байқадым. Бұл өзгерістер еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басып жатқанын көрсетеді.
Әсіресе, Преамбулада ұлттық құндылықтардың, тарихи сабақтастықтың және қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің терең тамырларының көрініс табуы көңіл қуантады. Өйткені өз тарихын құрметтейтін халықтың болашағы да берік болады. Ұлы дала өркениетінің мұрасын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім қалыптасады деп ойлаймын.
Сонымен қатар жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің басты басымдығы ретінде жариялануы ерекше маңызға ие. Қазіргі заманда мемлекет дамуының негізгі көрсеткіші – азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы. Сондықтан бұл қағидаттың Негізгі заңда нақты көрініс табуы қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыра түседі.
Маған ұнаған тағы бір тұс – бірлік пен келісімнің, этносаралық және конфессияаралық татулықтың ерекше атап көрсетілуі. Қазақстанның басты байлығы – елдегі тұрақтылық пен бейбітшілік. Осы құндылықтарды сақтау мен нығайту әрқайсымыздың ортақ міндетіміз деп санаймын.
Конституция жобасындағы қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәселелерінің де көрініс табуы заман талабынан туындаған маңызды қадам. Болашақ ұрпаққа таза табиғат пен қолайлы орта қалдыру – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы еліміздің демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде одан әрі дамуына бағытталған маңызды құжат деп есептеймін. Әрбір азамат оның мазмұнымен мұқият танысып, ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты түсінуі қажет. Себебі Конституция – тек заңгерлердің немесе мемлекеттік қызметшілердің құжаты емес, ол әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей әсер ететін Негізгі заң.
Мен жаңа Конституция еліміздің өркендеуіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға және Әділетті Қазақстанды құруға қызмет етеді деп сенемін.
К.ДУРГАЛОВА, «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты