«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕРУЕНІ

0

Ауданымызға БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес «Жібек жолы керуені» (Silk Road Caravan) халықаралық бастамасы аясындағы делегация ат басын тіреді.

Жоба жайылым экожүйелерінің маңызын насихаттауға, жер ресурстарын тұрақты басқаруға және мал шаруашылығымен айналысатын қауымдастықтардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру мен табиғи ресурстарды сақтау ісіндегі рөлін кеңінен танытуға бағытталған.

Ежелгі Жібек жолының бағытын бойлай жүретін керуен құрамында жайылымдық қауымдастықтардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және деректі фильм түсірушілер бар. Олар жерді қалпына келтіру саласындағы тәжірибелерді, дәстүрлі білім мен инновациялық шешімдерді жинақтап, көпшілікке таныстыруды мақсат етеді.

Қадірлі қонақтарды Жамбыл облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері бастап келді. Қордай ауданындағы «Гринвилл» ЖШС жылыжай кешеніне барған делегацияны аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары және серіктестік өкілдері қарсы алып, кәсіпорынның жұмысымен таныстырды.

Аквапоника әдісі арқылы түрлі салат өсімдіктерін түрлерін өсіретін жылыжайдың жұмысымен танысқан қонақтар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды. Сонымен қатар керуен қатысушылары өздерінің сапары мен бастаманың мақсаты туралы ақпарат берді.

«Бұл бастама COP16 конференциясында қалыптасқан серпінді жалғастырады. Аталған жиында елдер Конвенция тарихында алғаш рет жайылымдарды тұрақты басқаруға арналған арнайы шешім қабылдаған болатын. Бағыттың соңғы нүктесі — 2026 жылғы 17–28 тамыз аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтетін COP17 конференциясы», – деді керуен қатысушылары.

Айта кетейік, «Жібек жолы керуенінің» бағыты биыл Түркиядан бастау алып, Ресей мен Өзбекстан арқылы Қазақстанға жетті. Алдағы уақытта керуен Қырғызстан мен Қытайды аралап, сапарын Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында аяқтайды.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.