Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың 30 тамыз —
Конституция
күнімен құттықтауы
Қазақстан Республикасының Конституциясы – бұл заң әрпімен енгізілген жалпыұлттық идея. Ол қазіргі құқықтық тұжырымдамаларда ата-бабаларымыздың бостандық жайлы, өз тағдырын шешу мүмкіндігі туралы, бүкіл әлемге танымал тәуелсіз ел туралы армандарының көрінісі.
Құрметті қордайлықтар!
Сіздерді мемлекетіміздің ең ұлы мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады»,-деп атап көрсеткен болатын.
1995 жылғы 30 тамызда қабылданған еліміздің Негізгі Заңы азаматтардың құқықтары мен бостандығына кепілдік беріп, тәуелсіз мемлекеттің түбегейлі қалыптасуындағы демократиялық заң құрылымының іргетасы саналады.
Біздің Конституциямыз алдағы кезде де азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, Қазақстан Республикасының одан әрі дамуына ықпал жасайтынына сенімдімін. Былтыр Президентіміз ел дамуы үшін мәні зор саяси реформалар жариялап, Жаңа Қазақстан идеясын өмірге әкелді. Оның өзегі – әділдік пен заң үстемдігі. Осы ұстаным аясында республикалық референдум өткізіліп, Конституцияның 33 бабына 56 өзгерту енгізілді. Ел үшін маңызды күнде жерлестеріміз бірлік танытып, орнықты қадам жасады.
Құрметті жерлестер!
Конституция – заң үстемдігінің берік орнап, қоғамның ілгері дамуына қызмет ететін айрықша құжат. Ата заңды ардақтау – болашаққа батыл қадам басқан егемен еліміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Олай болса, демократиялық құндылықтарды бекітіп, құқықтық тұғырымызды берік орнықтырып берген Ата Заңымызды әрқашан да қастерлеу, құрметтеу, оны насихаттау басты парызымыз болуы тиіс.
Барша қордайлықтардың отбасыларына амандық, зор денсаулық, елімізге бейбітшілік пен тыныштық, ауызбіршілік тілеймін.Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, бірлігіміз бекем болғай! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықовтың
құттықтауы
Құрметті қордайлықтар!
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтаймын! Ең қымбат құндылығы Адам болып табылатын еліміздің негізгі Заңы қабылдануымен алғаш рет демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет құру бағыты қолға алынды. Конституция мемлекеттiк егемендiктi, билiк пен қоғам құрылымының демократиялық принциптерiн нығайтып қана қойған жоқ, сонымен бiрге елдiң үнемi дамуының нақты бағдарларын айқындады.
Тәуелсіз Қазақстанның даму кезеңдері Негізгі Заңның барлық ережелерін жүзеге асырумен тығыз байланысты. Конституция әрқайсымыз үшін қазақ халқының ынтымақтастығының нышаны, еліміздің, ауданымыздың одан әрі тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік іргетасы болып қала береді.
Құрметті жерлестер!
Мемлекет үшін ерекше атаулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен береке тілеймін! Егеменді еліміз өсіп-өркендей берсін!