ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ АТА ЗАҢ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

0

30 тамыз – Конституция күні.

Биыл Ата заңға 28 жыл толып отыр.

Елімізде Конституция екі рет қабылданды. Алғаш 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған құжатта Қазақстан парламенттік республика деп көрсетілді. Алайда 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат қазірге дейін қолданылады. Ата заң 9 тарау, 98 баптан тұрады.

 

БИЛІКТІҢ БІРДЕН-БІР

БАСТАУЫ – ХАЛЫҚ

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып  осы Конституцияны қабылдаймыз».

Қабылданғанына биыл 28 жыл толған Ата заң осындай сөздермен басталады. Сондай-ақ Ата заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деп көрсетілген.

Ал екінші бапта Қазақстанның президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екені айтылады. Сондай-ақ елдің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы деп көрсетілген.

Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған.

Ата заңның 4-бабына сәйкес, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.

Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені, мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны көрсетілген.

 

КОНСТИТУЦИЯҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Конституцияда Қазақстан парламенттік республика ретінде көрсетілген. Ал Жоғарғы кеңес жалғыз заң шығарушы орган болды. Президент депутаттардың алдында есеп беруге міндетті болды. Заң бойынша Жоғарғы кеңестің өкілеті басым болды.

Алайда 1994 жылы Жоғарғы сот таратылды. Ал бір жылдан кейін жаңа Конституция қабылданды.

1995 жылы қабылданған Конституция 95 баптан тұрды. Алайда бірнеше рет өзгеріс енгізіліп, 98 бапқа жетті. Бұл жылы енгізілген өзгерістер қатарында бар:

парламент билігін президентке беру,

екі палаталы парламент – сенат пен мәжілісті құру;

парламентті бақылаушы функциясынан айыру;

заң шығару функциясын үш институт – президент, үкімет пен парламент арасында бөлу;

конституциялық сот пен арбитраждық сотты тарату;

президентке сенаттың 7 депутатын тағайындау өкілеттігін беру;

президент лауазымына 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған адамды 5 жылға сайлау;

бір адамды қатарынан екі реттен артық президенттікке сайламау.

1998 жылы Конституцияның 19 бабына түзету енгізілді. Осылайша, президент болуға үміткер адамның жас шегі 40-қа дейін көтерілді, ал 65 жасқа дейінгі шектеу алынды.

Сондай-ақ сенат депутаттарының өкілеттігі – 6 жыл, ал мәжіліс – 5 жыл деп бекітілді.

Одан кейінгі өзгеріс 2007 жылы енгізілді. Бұл жолы 30 түзету енгізілді. Ішінде «бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды» деген тармаққа «Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентіне қолданылмайды» деген сөйлем қосылды.

Мемлекет басшысына қосымша өкілет берілді. Осылайша президент сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін тағайындайтыны көрсетілді. Сонымен қатар премьер-министр шығарған актілердің күшін жою, я болмаса, қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру туралы шешім шығара алады.

Дәл осы жылдан бастап мәжіліс депутаттарының саны 107-ге артты. Ішінде 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланатын болды.

2011 жылы Конституцияға «Елбасы» деген мәртебе енгізілді.

2017 жылы Ата заңның 91-бабына «… тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деген сөйлем қосылды.

 

2022 ЖЫЛЫ АТА ЗАҢ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

2022 жылы 5 маусымда конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өтті. Нәтижесінде Ата заңның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді.

Негізгі өзгерістер:

Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді;

Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;

Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;

Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;

Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;

Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;

Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;

Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;

Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.

Осылайша, билік институттарының тепе-теңдігін күшейтуге арналған Конституция саяси жүйені жаңғыртты. Еліміздің болашағын айқындауға бағытталған реформаның мақсаты – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Ел болашағын айқындайтын, демократиялық қоға­ның, кез келген құқықтық мемлекеттің ең маңызды құралы саналатын Конституциямыз туралы сарапшылардың пікірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Үнзила ШАПАҚ, Мәжіліс депутаты:

 

Конституциялық

реформа мемлекеттік жүйені жаңартты

– Қазақстан Республикасының 2022 жылғы конституциялық реформасы жаңа Қазақстанның, яғни қоғам мен мемлекетті одан ары жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалыптастырып берді. 2022 жылғы реформаның басты мақсаттарының бірі – еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау процесін жаңғырту, партия жүйесін дамыту болатын. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және Мәслихат сайлауы өтті. Қазір Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Бұған Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымы нақты мысалы бола алады. Қазір Парламент Мәжілісінің құрамында 6 партия өкілі, 29 бірмандатты депутаттар отыр. Сондай-ақ әйелдер және ерекше қажеттілігі бар жандар жалпы депутаттар санының 30 пайызын құрайды. Мұның нәтижесінде сайлаушылармен, халықпен кері байланыс едәуір күшейді.

Президенттің алдымызға қойған міндеттерінің бірі – халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру. Әр сәрсенбі сайын Мәжілістің жалпы отырысында 25-тен астам депутаттық сауал жолданады. Оның барлығы халықтың үні. Жалпы алғанда 3 айдың ішінде Үкіметке мемлекеттік лауазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал қойылды. Бұрынғыдай емес, жергілікті жерден сенім мандатымен келген депутаттар облысының деңгейінде мемлекетке жетпей жатқан мәселені осы институт арқылы көтеріп отыр.

Конституцияның 6-бабына «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген өзгеріс ензілген болатын. Соның бір нәтижесі – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамашылығымен табиғи ресурстардан түсіп жатқан пайданы жинақтап отырған Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын 2024 жылдан бастап балаларға төлеу шешімі. Бұл бала 18 жасқа толғанша жүзеге асырылып отырады. Қазір елімізде кәмелеттік жасқа толмаған 6,5 млн бала бар. Жыл сайын бала саны да артатыны анық. Сонымен бірге Үкімет жұмысын атқару барысында Ұлттық қордың да инвестициялық табысын ұлғайтады деп көздеп отырмыз. Табиғи ресурстардың халыққа тиесілігінің бір дәлелі осы болды. Осы мақсатты іске асыру үшін 5 депутат Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға төлемдер мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірледік. Бірінші оқылымнан өтіп, шілде айында президент инвестициялық кірістің 50 пайызын балалардың қорына аудару туралы Жарлыққа қол қойды. Заң арқылы мемлекет елдің тұрақты экономикалық жә­не әлеуметтік дамуы үшін Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жүйесін айқындап беріп отыр. Бұл да конституцияға енгізілген өзгерістің нәтижесі.

Ерлан САИРОВ, Мәжіліс депутаты:

 

Жаңа Конституция – әділетті жүйенің іргетасы

– Конституцияға жасаған өзгерістер – елімізді демократияландырудың ең басты аспектісі. Аталмыш өзгерістер мен толықтырулар еліміздің Конституциясын халықаралық стандарттарға сәйкес жасап берді. Жаңа Конституция мәтінінде президент тек қана бір мерзімге, 7 жылға сайланады. Бұл билікке саяси монополия жасаудың алғышарттарын алып тастайды. Сонымен бірге Конституцияда Парламентті, аймақтардағы мәслихаттарды сайлауда үлкен либерализация жасалды. Яғни, партиялық тізіммен бірге халықтың өзі тікелей сайлайтын депутаттар Мәжілісте де, мәслихаттарда да болады. Мұның барлығы еліміздегі демократияның жүзеге асуының нақты көріністері. Сонымен қатар Конституциялық сот институты пайда болады. Бүгінде соттардың ісіне бірде-бір институт, мемлекеттік орган араласуына құқы жоқ. Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы, табиғат ресурстары халық меншігі» ұғымы енгізілді. Конституцияның жаңа постулаты жер асты ресурстарынан халықтың пайда табуына, әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуіне, жер қойнауы байлығын пайдалануда әлеуметтік әділет принципінің жүзеге асуына кепілдік береді.

Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар «Жаңа Қазақстанды» құрудың нағыз көрінісі. Оған мысал ретінде ауыл әкімдерін сайлау, кей мәселе бойынша Парламент Мәжілісінің құзыретін күшейту туралы өзгерістерді айтуға болады. Президенттің құзыреті азайып, Парламент, оның ішінде, Мәжілістің құзыры артты.

Конституция халық пен биліктің арасындағы бұрынғы ара қашықтықты жақындатып, билікке, Парламентке, мәслихаттарға халықтың нақты өкілдерінің келуіне, сонымен бірге еліміздегі саяси жүйенің әділетті экономикалық моделін жасауға алып келді деп айтуға барлық негіз бар. Конституцияға енгізілген өзгерістер халқымызға «өз билігін қайтарды». Болашақта жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастыру, әрбір шешімнің халықпен ақылдаса отырып, азаматтардың мұң-мүддесі тұрғысынан қабылдайтын жүйеге келеріміз анық. Жаңа Конституция – болашақтың, жаңа әділетті, саяси плюрализмге бағытталған жүйенің іргетасы. Толықтырылған Конституция саяси реформалардың эволюциялық нақты қадамы деуге толық негіз бар.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.