Латын әліпбиіне көшу – жарқын болашақ кепілі

0

Қазақ халқының ағартушы-педагог ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген.

Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазір жетілдірілген әліпбиде  әріп саны-31, әліпби тек латын әліпбиі базалық  жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Латын әліпбиін қазіргі таңда көптеген мемлекеттер қолдануда. Соның ішінде: Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия және Әзірбайжан сияқты түбі бір түркі мемлекеттері. Енді осы мемлекеттер қатарын Қазақстан да толықтырмақ.

Осыған дейін қазақ жазуы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз деп ойлаймын. Неліктен біз қазақ тілі әліпбиінен латын графикасына көшуіміз керек? Біріншіден, жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер қысқарып, тіл тазалығы сақталады. Екіншіден, латын графикасына негізделген әліпбиге көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына мүмкіндік береді.Үшіншіден, түркі тілдес елдермен, мәдени, рухани және экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп, тар бұғаудан босайды және жаһанданудың жұмырында жоқ болып кетуден сақтайды. Сонымен қатар,  қазақ тілін басқа ұлт өкілдері тезірек меңгеруі үшін әліпби барынша ыңғайлы болмақ деп ойлаймын. Қорыта келгенде, әр халықтың өзіндік салт-санасы, елдік рухы, алдымен, оның тілінде таңбаланады. Мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыздың тағдыры мен ертеңі үшін маңызды қадам болары сөзсіз. Тіліміздің мемлекеттік мәртебесін нығайту үшін, жаңа белестерге жол бастау үшін, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін қазақпын деген әрбір азамат өз үлесін қосу қажет!

Сандуғаш Досқұл,  Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.