КӨҢІЛДІ ӘРІ ПАЙДАЛЫ САЯХАТ

0

Биыл «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен ел бойынша 20 мың баланың жазғы демалысын ұйымдастыруға қаражат қарастырылған болатын. Біздің облыс бойынша «Балауса» балалар сауықтыру лагерінде 400 баланың демалысын ұйымдастыруға қаражат бөлінді.

Лагерьде кезекті ауысымда демалып жатқан балалардың  әр күні ерекше қызықты өтуде деп айтуға болады. Балалар аудан музейлеріне саяхаттап жүр. Кезекті саяхат демалыс күндері аудандық музей, К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі және Әлжан ана ауылдық тарихи музейінде өтті. Айтпақшы, осы ауысымда өзіміздің аудан балаларымен қоса, Шу ауданының балақайлары демалып жатыр екен.

Әлжан ана музейінде балаларға осы ауылда және жалпы Қордай ауданында туып-өсіп, бүкіл қазақ еліне танымал болған тұлғалар жайлы әңгімеленді. Мәселен, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш дипломат Балжан Бөлтірікова, атақты гинеколог дәрігер Жәмилә Шурина, ақын, Қазақстанға Еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Рза Қунақова, қазақ тілі білімінің негізін салушылардың бірі, ғалым, тілтанушы академик Нығмет Сауранбаев, балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаев сынды танымал тұлғалар туралы айтылды.

Айта кетейік, Әлжан ана тарихи музейінің қызметі коллекция қорын жинақтау және есебін алу, ғылыми-зерттеу жұмысы, көрермендер аудиториясына насихаттау сияқты қызметтің сан-алуан түрінен тұратын музейдің басты міндеттерін орындауға бағытталған. Музей  бір үлкен залдан тұрады, 8 үлкен бұрыш безендірілген, оның ішінде жалпы ауыл аналарына арналған тақталар, ауылдан және ауданнан шыққан танымал тұлғаларға арналған тақталар, айтулы даталарға арналған тақталар, өткен ғасырлардағы тұрмыста қолданылған әртүрлі бұйымдар, тағы басқа фотосуреттер мен құжаттар бар.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.