МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАР ШЕТТЕТІЛМЕЙДІ

0

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралар жөнінде айтты.
Сөзінің басында Тамара Дүйсенова маусым айында Мемлекет басшысының мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған қосымша шараларды қарастыратын Заңға қол қойғанын атап өтті. Осы Заңды жүзеге асыру үшін тамыз айының соңына дейін 300-ден астам заңға тәуелді актілер өзектендіріледі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 60%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 26%-ы – зейнет жасындағылар, 14%-ы – балалар. Оларды қоғам өміріне араластыру үшін кезең-кезеңімен жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Біріншісі – мүгедектікті белгілеу.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мүгедектікті белгілеудің проактивті немесе «сырттай куәландыру» форматына көшуді бастадық. Оның мәні азаматтың денсаулық жағдайына қатысты ақпарат пен осыған байланысты тіршілік қалыбының өзгеруі жөніндегі дәрігердің қорытындысы медициналық ақпарат жүйесіне енгізіледі. Ондағы ақпарат Еңбек министрлігінің Мүгедектігі бар азаматтар туралы орталықтандырылған мәліметтер базасына келіп түседі. Бұрын базадан оны әркімнің тұрғылықты жеріне жолдайтынбыз. Енді ешкімнің жеке мәліметін көрсетпей, автоматты түрде үш өңірдің сарапшылар комиссиясына жібереміз. Комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданып, ол шешім азаматтарға ыңғайлы форматта жолданатын болады», — деді Тамара Дүйсенова.
Бүгінге дейін 25 мыңнан астам құжат немесе осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 21 пайызы осындай форматпен қаралды.
Сонымен қатар, жұмыс қорытындысы бірқатар тың мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. Атап айтқанда:
-азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына ұсынатын қағаз құжаттардың барлық түрін толық алып тастап, емханаларды бірыңғай терезе ретінде айқындауға;
-ауру түрлері бойынша бейінді мамандарды сараптамаға тарту арқылы азаматтардың тұрмыстағы шектелу дәрежесін неғұрлым дәл белгілеуге;
ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдардың нақты тізімін анықтай отырып, көмекке мұқтаж әр азаматқа жеке оңалту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі бар.
«Бұл бағыттағы жұмысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарып жатырмыз. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын түбегейлі өзгертіп, осы саладағы қызметтің тең жартысын проактивті форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі мен азаматтардың денсаулық картасы енгізілгеннен кейін оған толық көшеміз», — деді министр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.