МҰҚТАЖДАРҒА ПАНА БОЛҒАН МЕКЕН

0

Бір ай бұрын Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 15 орынға әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылған болатын. Бұл уақыт аралығында кризистік жағдайға тап болған 7 баласы бар 4 әйелге әлеуметтік оңалту және жәрдем көрсетілді. Қазіргі таңда бұл әйелдер орталықта тұрып жатыр.

Орталықтың жақында ашылғанына қарамастан жомарт жандар мен ұйымдар тарапынан көрсетілген кез-келген көмек артық болмайды. Мәселен, кәсіпкер Нұрсәт Балтабай өз ісін екі ай бұрын ғана ашып, алғашқы тапқан табысын қайырымдылық шараларына жұмсауды жөн көрген. Анасы Зухра Керімбаева екеуі орталықтың тұрғындарына сыйлықты мұқият таңдап, сапалы спорт костюмдерін, көйлек, қолдорба, сырт киімдер алған. Сыйлықтар орталық тұрғындарының көңілінен шығыпты.

-Бүгін біз осында тұрып жатқан балаларды және олардың аналарын Жаңа жылмен құттықтауға келдік. Оларға әрі қарай өмір сүріп, ешкімге тәуелді болмау үшін бақыт, күш-қуат, жақсылық тілейміз. Кризистік орталыққа менің тарапымнан көмек мұнымен шектелмейді. Осындағы жандармен байланысымызды үзбейміз деп ойлаймын, — дейді Нұрсәт Балтабай.

Жамбыл облысында мұндай мекеме екеу ғана, оның біреуі Тараз қаласында болса, екіншісі Қордай ауданында ашылды. Орталық мемлекеттік мекеме болғандықтан қызмет алушылар үшін барлық қызмет тегін көрсетіледі. Көмекке мұқтаж әйелдер орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық, тіршілік етуге қаржының тапшылығы, баспананың жоқтығы және т.б. көптеген проблемалармен келеді. Ал бұл мекеме – қажетті көмек алатын, пана болатын берік қамал іспетті.

Орталықта ауыр жағдайға тап болған азаматшалар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Балалар үшін ойын бөлмелері, әйелдер қолөнерімен айналысу немесе бір-бірімен әңгімелесу үшін үлкен холл, жатын бөлмелер, асхана жабдықталып, онлайн оқу үшін жағдай жасалып, ойын-сауық шараларды өткізу, үш мезгілдік тамақтандыру қарастырылған. Сонымен қатар мұнда тұратындар өздері үшін тамақ әзірлей алады, асханада плита, қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш бар.

Қиын жағдайға тап болған жандар мұнда балаларымен бірге жарты жылға дейін тұра алады немесе күндіз 2-6 сағат аралығында бола алады.

Орталық директоры Шынар Бейсенбаеваның айтуынша, әйелдерге психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Қызмет алушылардың балалары мектептегі оқудан қалмайды. Мәселен, кризистік орталық мамандарының мемлекеттік мекемелермен әрекеттестігінің арқасында мектеп жасындағы балалар №2 ОМ мектепке орналастырылып, балақайлар «Қуаныш» балабақшасына барып жүр.

Оған қоса балабақша басшысы аналардан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін төлем алмауды ұйғарған.

Орталық тәулік бойы жұмыс істейді, сенім телефондары 4-54-00; +77780521620, 87473731858.

Бұл орталықтың басты мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлімжеттік құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету.

 

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.