МҮГЕДЕКТІГІ БАР ТҰЛҒАЛАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАЖЕТ

0

Сейсенбі күні аудан әкімдігінде кезекті аппараттық кеңес өтіп, оған аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында негізінен еңбек нарығын реттеу мәселелері қаралды. Ең алдымен аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Заурбаева сөз алып, электрондық еңбек биржасының жұмысы және электронды еңбек келісімшарттарын енгізу туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Одан кейін халықты жұмыспен қамту орталығының директоры С.Көпешов мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тоқталды. «Ағымдағы жылдың 1-ші маусымына мүгедектігі бар еңбекке жарамды тұлғалардың саны 2748 адамды, оның ішінде соңғы 3 айда МЗЖ (міндетті зейнетақы жарналары) және әлеуметтік аударымдары бар азаматтардың саны 454 адамды құрады немесе жұмыспен қамтылу деңгейі 16,5%. Маусым айында барлық ауылдық округ әкімдеріне мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа орналастыру бойынша тиісті іс-шаралар жүргізу үшін әлеуметтік аударымдары жоқ 2294 адамның тізімдері жолданды», — деген орталық директоры ауылдық округ әкімдері осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп, мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жыл бойына жолдау қажеттігін жеткізді. Кеңес отырысы барысында ауылдық округ әкімдерінің есебі де тыңдалды.
Баяндамашылардың есебін мұқият тыңдаған Мәден Тоқтарбайұлы «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі статистикалық мәліметтерге сай, бейресми жұмыс істейтін азаматтардың еңбек келісімшарттарын жасақтау, қоныс аударғандарды, бала күтіміндегі, қайтыс болған және т.б. санаттардағы азаматтарды тиісті мекемелермен нақтылауды тапсырды. Бұдан бөлек, аудан басшысы ауылдық округ әкімдеріне мүгедектігі бар еңбекке қабілетті азаматтармен, міндетті зейнетақы жарналары жоқ және әлеуметтік төлемдері жоқ тұрғындармен қажетті жұмыстарды жүргізіп, кемінде 30 пайызын жұмысқа орналастыру немесе БЖТ төлемдерін жүргізуді қамтамасыз ету керектігін баса айтты.
Бұл күнгі аппараттық кеңесте өзге де өзекті мәселелер талқыға салынды. Олардың қатарында «Эко Чикен» модульді құс фермасының жұмысы, Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындарға жер қарастыру мәселесі, ауыз су мәселесі, бейресми жұмыс істеп жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында құрылған жұмысшы топтың атқарған шаралары, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы, құрылыс жұмыстары, азық-түлік тауарларының бағасы, сынды шұғыл шешуді қажет ететін жайттар бар. Жиналыс соңында Мәден Мұсаев жауапты тұлғаларға нысандардың құрылыс сапасына мән беруді ескертіп, құрылыс жұмыстары қатаң бақылауында екендігін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.