Бүгінгі күн ертеңгі тарих болып таңба ретінде сақталып қалмақ. Ал, мұражай төрінде таңдай қақтырарлық болған сол таңбаның бірі ел аузындағы Панфиловшылар ерлігі.
Атақты қолбасшы, генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова Гвардейск гарнизонында ұйымдастырылған «Батыл Тойтарыс — 2023» оқу-жаттығу шарасына арнайы келіп, көрме өткізді. Мұның негізгі мақсаты әскери қызметшілермен сұхбат негізінде әңгімелесу.
Ал, басты тақырыбы ретінде 316 атқыштар дивизиясын алға тартты. Тарихқа көз жүгіртсек, 28 адамнан тұратын жауынгерлер немістің төрт кадрлық дивизиясының күлін көкке ұшырған. Айта кетерлігі, әлгіндегі уақытта Кеңес үкіметінде арнайы дайындықтан өткен білікті сарбаздар аз еді. Сол секілді Панфиловшылар колхоз, инженер мен мұғалімдерден құралды. Күні кеше сапты толтырған әскери міндеттілер де туған өлкесінде қарапайым жұмысшылар болса, атыс алаңында алдына дес бермес хас шеберлер.
Мінеки, санаулы, дегенмен, саналы ер жүрек ұлдарға бұйрық берген Иван Панфиловтың немересі Алуа бүгінде Алматыдағы әскери мұражайды басқаруда. Оның сөзінше орталықтың құрылуына анасы Валентина Ивановнаның көп көмегі тиді және атқарған жұмысына “Ерлік үшін”, «Қызыл жұлдыз» төс белгісі табысталды.
«Бауыржан Момышұлы менің атамның қол астындағы үздік, әрі, сүйікті командирі болды. Ол кісінің сөздерінен-ақ нағыз даңқты қазақты тани аласыз» — дейді батырдың ұрпағы.
Қазіргі таңда мұражай 316 атқыштар дивизиясы құрамының ұрпақтарын табумен айналысуда. Ел есінде қалған ерлердің құжаттары да осы жерде сақталған. Әлбетте, қара қаламмен қағаз үстіне терілген дүние тарих бетінде мәңгілікке қалары һақ.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі