ЖАСТАРДЫ ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ ИДЕЯЛАРДАН ҚОРҒАУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ

0

Бүгінгі таңда мемлекеттің ертеңі, оның өсіп өркендеу болашағы болып табылатын жастар қауымының еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімінің мұқалмас беріктігі аса өзекті үрдіс болып табылады. Өркениет үдерісінде болашағының жарқын, өрісінің кемел болғанын қалайтын әрбір зайырлы мемлекет жеткіншек ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне, олардың толыққанды азамат болып өсуіне жіті көңіл бөліп, мол мүмкіндіктер жасайды.

 

Ал қазіргі алмағайып заманда осынау адами капиталға арқа сүйеп, оларға дұрыс бағыт бағдар беру зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі қазіргі әлемдегі дінмен байланысты ахуал шатқаяқтап тұрған кезеңде неге болса да сергек қараған абзал. Оның ішінде қазақ елі үшін жастардың діни көзқарастарының дұрыс бағытта қалыптасқаны, радикалды діни идеялардан мүлдем аулақ болғаны қажет. Өйткені уақыт өткен сайын әлем кеңістігінде теріс діни ағымдардың кері уағыз-насихаты әсерінен адасушы адамдар қатары арта түсуде. Бүгінгі таңда өзінің өмірлік тәжірибесінің аздығынан, діни сауаттылығының төмендігінен жастарымыз деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп жатады. ДАИШ тәрізді теріс ағымның жалған насихатына еріп, бірқатар қазақстандықтар Сирия-Ирак аумағындағы соғыс ошақтарына аттанғаны белгілі. Адасушылардың зардабы олардың балаларына да тиіп отыр. Қазіргі ғаламтор жүйесі мейлінше дамыған заманда діндер бойынша да сан түрлі мағлұматтар алуға болады. Оның бірақ дұрысы да, бұрысы да жетіп артылады. Бізге зияны соның бұрыс бағыты. Сыртқы күш қоғамды іштен іріту үшін нешеме айла-шарғыны қолданып, өздерінің теріс идеологиясын үздіксіз жариялап бағуда. Ораторлық қабілеті, харизмалық ерекшелігі бар жалған діни ілімдердің көшбасшылары адамдардың санасына әсер ететін психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оларды өз қатарына тартып отыр. Сәйкесінше жастар өздеріне қажетті ақпараттарды жылдам уақытта ғаламтор арқылы алады. Олар ақпараттардың дұрыс немесе бұрыстығын ажырата да алмайды. Сол себепті де сайттар мен әлеуметтік желілердегі дәстүрлі дінімізге кереғар парақшаларда аудио, видео өнімдері, жазбаша үгіт-насихаттары кездесіп қалуына байланысты ғаламторды пайдалану кезінде ел азаматтарына барынша сақтық пен мұқитяттылық өте қажет. Дін саласы бойынша ақпарат іздеген сәтте Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне және ислам дініне қатысты сұрақтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты сайттардан ақпарат алған жөн. Ал күмәнді сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшалар азаматтарды жарға жығатын фактор. Жалпы Қазақстан жастарының діни экстремизм мен терроризмге қарсы рухани иммунитетін күшейтуде патриотизмнің алар орны ерекше. Патриотизм – гректің «patris» «отан» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан, Отанға деген сүйіспеншілікті, халқыңа деген адалдықты білдіретін ұғым. Өзінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін біліп өскен әрі соларды мақтан тұтатын ұрпақ мемлекеттің кемел болашағына айналады. Яғни халық өзінің ұлттық бет-бейнесін анықтайтын құндылықтардан айырылмай, болашаққа қадам жасауы тиіс. Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдар өздерінің құрығына түскен жастарды Отанға деген сүйіспеншілігінен, сан ғасырлардан бері келе жатқан салт-дәстүріне деген құрметтен айырып келеді. Сананы улаушы, керітартпа діни ағымдардың ілімдеріне қарсы тұру үшін идеологиялық қарсы насихат шараларының өткір де өтімді, санаға жетімді болғаны жөн. Бұдан түйетін ой әрбіріміз қастерлі тәуелсіздіктің бағасын біліп, халқымыздың тұтастығына қауіп төндіретін теріс діни ағымдардан аулақ болғанымыз абзал. Қоғамымызды іштен ірітетін ниеті бұзық сыртқы күштердің арбауына түспей, соған қарсы отансүйгіштік, патриоттық иммунитетімізді шыңдап, азаматтық борыш биігінен көріну баршамызға сын.

А.Қаспақбаев,

Қордай ауылдық округі әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.