МҰРАЖАЙ – ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

0

Газетіміздің оқырмандары арасында қазіргі таңда «Туған жер», «Ауыл тынысы» атты айдарлар жақсы танымал, көп сұранысқа ие болып отыр. Ауданымыздың тарихи орындары, жалпы тарихи-танымдық дүниелерді ұсынатын аталмыш айдар аясында басылым журналистері оқырман көңілінен шығатын дүниелерді жиірек жариялауға тырысып жүргені.

Әсіресе «Рухаи жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейі, Әлжан ана ауылындағы және Масаншыдағы мұражайлардың бүгіні турасында сыр шертетін мақалалар топтамасын болашақта оқырман қауымға ұсыну жоспарымызда бар. Бүгін соның бірқатарына тоқтала кетсек.
Ауданымызда бір ай бойы «Музейге сый» акциясы өткен болатын. Осы аралықта аудан мұражайлары көптеген сырлы да құнды жәдігерлермен толығып үлгерді. Мәселен, Әлжан ана ауылындағы тарихи музейдің шағын ғана ұжымы небәрі үш айдың ішінде музей қорын 92 құнды жәдігермен толықтырыпты. Онда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлері мен ауған соғысы ардагерлеріне, ғалымдар мен халық әртістері, спортшыларға арналған арнайы бұрыштар ашылып, музейдің танымы да тынысы да кеңейе түскен. Мәселен, жақында аталмыш ауыл музейі Ноғайбай, Сұлутөр және Қайнар ауылдарынан келген қонақтарды күтіп алды. Оның өзіндік себебі де бар. Қордай ауданының дамуына ерекше үлес қосқан, аталмыш ауылдардан шыққан азаматтарға мұнда арнайы бұрыш ашылған болатын. Атап айтсақ, ғалым, академик Нығмет Сауранбаев, балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаев, Еңбек ері Леонид Хан. Аталмыш шараның қонақтары ретінде еңбек ардагерінің ұлы Валери Хан, академиктің немересі Әсет Райқұлов және жазушының немересі Суджата Сарғасқаева шақырылды. Жиынға сонымен қатар Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев, №23 орта мектеп директоры мен Әлжан ана ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы қатысты. Музейді тамашалау барысында ардагерлер кеңесі төрағасы Жайсан ата қонақтарға ауыл тарихы, музейдің ашылу кезеңі туралы құнды мәліметтерді айтып берді.
Аталмыш кездесуге мәселен Әсет Райқұлов анасы мен балаларын ертіп келіп, атақты аталарының өмір жолы туралы мақтанышпен жеткізді. Әрине, ол мақтануға тұрарлық. Нығмет Сауранбаев қазақ тілі білімінің негізін салушылардың бірі, түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері. Негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ тілінің тарихы мен синтаксисіне, әдеби тіл тарихы, түркітану, диалектология, орфография, жазу, емле, сөздік түзу мәселелеріне арналған. Морфология саласында ол қазақ тіліндегі етістік категориясының жасалу тәсілдері мен тарихи даму жолдары, көсемше тұлғалары, олардың мағыналары, синтаксистік қызметі жайында және қазақ тілі грамматикасының, оның ішінде морфологиясы, орфографиясы мен алфавиті жайында ғылыми еңбектер жариялаған көрнекті тұлға.
Ал, жазушының немересі Суджата Сарғасқаева музейге өзімен бірге әріптес ұстаздарды ерте келіпті. Сансызбай Сарғасқаев көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің бағбаны атанған қаламгер. Аудандық «Красногоршы» газетінде еңбек жолын бастаған ол көптеген республикалық басылымдарда еңбек еткен. Көркем туындылары 1949 жылдан жариялана бастаған. «Достар», «Бір отрядта», «Сәуленің жаңа достары», «Бір көшенің бойында», «Сынған тіс», «Шындық» , «Көңілді балалар», «Тәмпіш қара» атты повестер мен әңгімелер жинақтары көпшілікке жақсы таныс.
Ал, Валери Хан болса өзінің атасы, еңбек ері Леонид Ханмен ұзақ жылдар тізе қосып бірге жұмыс істеген Қайнар ауылының еңбек ардагерлерін ала келіпті. Аталмыш ауыл кезінде үздік көрсеткіштері үшін Қаз СССР-ның «Алтын кітабына» енген болатын. Л.Хан басқарып тұрған сәтте сол кездегі Көқайнар совхозының жүздеген еңбеккерлері орден мен медальға, ал үш мыңға жуығы арнайы сыйлықтарға ие болғанын ерекше атап өту керек.
Бұл жиын көптеген танымдық дүниелерге толы болды деп айтуға болады.
Ал, жақында аталмыш музейде ауданымыздан шыққан үш атақты азаматшаның бұрышы ашылды. Олар білім министірі болған Балжан Бөлтірікова, алғашқы дәрігер қазақ әйелі Жәмиля Шурина және ақын Рза Қунақова. Дәстүрге сай аталмыш ашылу салтанатына қоғам қайраткерлерінің туыстары, әріптестері мен еңбек ардагерлері, мектеп оқушылары шақырылды. Шара Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлерінің шағын концерттік бағдарламасымен ашылды.
Алғаш сөз алған Рза Қунақованың әріптесі, белгілі жазушы, драматург Жұмагүл Солтиева атақты ақынмен алғашқы таныстығын, еңбек жолы туралы айтып өтсе, ақынның қызы Ғалия анасы туралы әсерлі әңгімесімен сыр шертті.
Ал, Жәмиля Шуринаға арналған бұрыш аудандық орталықтандырылған аурухананың бас дәрігері және ұжымының үлкен көмегімен ашылыпты. Бас дәрігердің орынбасары Иван Черных Жәмиля апайдың ауданның денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі турасында айтып берді. Ал, Ж.Шуринаның немересі Роза Аримбаева әжесінің Қаз ССР «Еңбек сіңірген дәрігері» және Ленин орденімен марапатталғаны туралы сөз етті.
Ал, екі рет, бірінші білім екінші рет сыртқы істер министірі болған Әлжан ана ауылының тумасы Балжан Бөлтірікованың іскерлік қасиеттері, жұмысқа деген адалдығы туралы жылы лебіздерін білдірген жерлестері оның өз отбасы қасында үнемі мейірімді ана болғанын айтады.
Кездесу барысында қонақтар музей ішін аралап көріп, туған жер тарихынан сыр шертетін көптеген құнды жәдігерлермен танысты.

Л.ДОСЫМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.