МӘМС БОЙЫНША ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТАР

0

1. Көпбалалы анадан жарналарды ұстай ма?
Сұрақ: 5 баласы бар әйел кәсіпорында жұмыс істейді. Бірақ оның медальдары жоқ. Есепші көпбалалы ана ретінде оның жалақысынан жарналарды ұстап қалуы керек пе?
Жауап: Жұмыс беруші жеңілдікті санаттарға кіретін қызметкерлер үшін, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар үшін жарналар мен аударымдарды төлемейді.
Егер бұл қызметкердің осындай марапаттары болмаса, МӘМС төлемдерінен босатылмайды. Сондықтан жұмыс беруші ол үшін жарналарды (жалақысынан ұстап қалу арқылы) және аударымдарды (өз қаражаты есебінен) заңнама талап еткендей төлейді.
2. Күндізгі оқу нысанында оқып, жұмыс істейтін студенттен жарналарды ұстау керек пе?
Сұрақ: Мен күндізгі оқу бөлімінде оқимын және кафеге жұмысқа тұрдым. Менің жалақымнан МӘМС жарналары ұсталды. Бірақ мен онсыз да сақтандырылғанымды білемін. Себебі, мен үшін мемлекет жарна төлейді. Жұмыс беруші дұрыс істеп отыр ма?
Жауап: Сіз дұрыс айтасыз. Егер күндізгі бөлімде оқитын студент болсаңыз жеңілдік санатына кіресіз және мемлекет сіз үшін МӘМС жарналарын төлейді. Сол себепті жұмыс беруші сіздің жалақыңыздан ұстап қалмауы тиіс. Сіз жұмысыңызға оқу орныңыздан оқу кезеңін көрсететін анықтама әкеліп бере аласыз.
3. Жалдамалы жұмыскердің мәртебесі қанша уақытқа дейін сақталады?
Сұрақ: Біздің жұмысымызда барлық міндетті төлемдер кешіктіріліп төленеді. Мысалы, наурыз айы үшін тек сәуірде түседі. Сұрайын дегенім – ай сайын уақытында төленбесе, мәртебем сақтала ма?
Жауап: Сіз бірыңғай жиынтық төлем туралы естіген шығарсыз. Иә, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар БЖТ-ны уақтылы төлеуі керек. Себебі келесі айға төлем жасалмаған жағдайда мәртебесінен айырылады. Азаматтар бұл төлем түрін өткен айларға төлей алмайды.
Қызметкерлерге арналған жарналарға келетін болсақ, олар (БЖТ-ны қоспағанда, төлеушілердің басқа санаттары сияқты) соңғы төлем күнінен бастап 3 ай бойы сақталады. Егер жұмыс беруші ақпан айына жарна төлеген болса, онда сіздің МӘМС жүйесіндегі мәртебеңіз шартты түрде мамырға дейін сақталады. Осы уақыт аралығында жұмыс беруші ҚР заңнамасында көзделген төлемдерді жүзеге асыра алады. Осылайша, сәуір айында наурыз айындағы жарналарды төлеген кезде мәртебеге әсер етпейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.